Нүкеновтер адвокаты алқа билер соты жайлы: 10 адам қате шешім қабылдамайды

Игорь Вранчев
Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Танымал адвокат, Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе зардап шегуші тараптың мүддесін қорғаған Игорь Вранчев Jibek Joly телеарнасының «Новое время» бағдарламасына берген эксклюзивті сұхбатында жария сот талқылауының маңыздылығына, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заңға және алқа билер сотының тиімділігіне қатысты ойымен бөлісті.

- Жаңа қабылданған заң (отбасылық-тұрмыстық зорық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заң) әйелдерді қаншалықты қорғап, ахуалды өзгерте алады? 

- Меніңше, бірде-бір заң құқық пен қауіпсіздіктің сақталуына толықтай кепілдік бере алмайды. Дегенмен, мұндай заңның қабылдануы уақыт талабы болатын. Иә, бұл салада жағдайдың жақсаруына қатысты нақты тенденция болады деп нық сенемін.

- Бұл баптарды қылмыс деп танымау туралы шешім қабылданған кез есіңізде ме? Полиция Қылмыстық кодексте бұл норма күрделі жүзеге асырылатынын алға тартады. Шынымен, процессуалдық тұрғыда өте күрделі ме?

- Процессуалдық тұрғыда күрделі болуының себебі мынада, көп жағдайда іс татуласумен аяқталып жататын. Сондықтан полиция қызметкерлеріне қиындық туындайтын. Тіпті, бұл қиындық та емес, шырғалаң десек те болады. Айталық, бүгін олар істі тіркейді, сотқа дейін жететін сияқты көрінеді. Бірақ жұбайлар татуласып, арыздарын қайтарып алады. Қазір де сондай жағдай болып тұр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты істер ауыр санатқа айналып, ерекше аса ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Бірақ, бұл – негіздемелердің бірі. Егер факті болса, егер арыз жазылса және де берілген арыз аясында соққыға жығылғаны анықталса, онда сот сатысында татуласуға еш мүмкіндік жоқ.

- Енді өзіңіз зардап шегуші тараптың мүддесін қорғаған, Интернетте тікелей эфирден көрсетіліп, өте танымал болған іске қарай ойыссақ. Қалай ойлайсыз, бұл өзі дұрыс тенденция ма?

- Тенденция дұрыс деп ойлаймын және де осы орайда, ең алдымен мұндай қадамға барған Жоғарғы сотқа ризашылығымды білдіргім келеді. Меніңше, бұл – теңдессіз шешім. Мұндай шешім, ең алдымен сотқа да, алқа билерге де қысымды болдырмау мақсатында қабылданды. Өйткені, қаржылық не болмаса саяси ықпалы бар адамдар айыпталушы орнында отыратын істердің жекелеген санаттарында сотқа берген кездегі бастапқы айып өзгеріп кетеді не болмаса мүлдем түсініксіз ең төменгі жаза тағайындалып, қоғамды айран-асыр қылып қояды. Меніңше, дәл осы жағдайда Жоғарғы сот осындай барлық теріс әсерлердің алдын алуға шешім қабылдап, оны жария өткізген сияқты. Мұның керектігіне не қажет еместігіне қатысты айтар болсам, мен мұны қажет деп санаймын. Егер дәл осы істі мысалға алар болсақ, басында және соңында жауап алынған куәгерлер өздеріне дейінгі куәгерлердің берген жауаптарын біліп отырды.

- Бұл кедергі келтірді ме?

- Бұл кедергі келтірерліктей жайт емес. Істі сотта тікелей қарау бар. Оның мәні мынада, бір тұлғадан куәгер ретінде жауап алынғаннан кейін іле-шала келесісінен жауап алынады және соңғы жауап алынған куәгер өзіне дейін айтылған мән-жайларды білмеуі мүмкін деп болжанады.

- Бұған қоса, қазіргі уақытта алқа билердің қылмыстық процеске қатысу процесін өзгерту қажеттігі жайлы әңгімелер шыға бастады...

- Мен де, әріптестерімнің басым бөлігі де, алқа билердің қатысумен өтетін соттың классикалық моделін жақтаймыз. Классикалық модель дегеніміз – алқа билердің ақылдасу бөлмесінде дербес, іске төрағалық етуші тараптардың сырттан бақылауынсыз шешім қабылдауы дегенді білдіреді. Біз азаматтарымыздың құзыреті жетпейді деп айта алмаймыз. Өйткені, керісінше еліміздің осынау бүкіл даму жолы азаматтарымыздың барынша құзыретті, өте білімді, әрі аса сауатты екендігін көрсетіп отыр.

- Демек, сонда ғана барынша әділ үкім болады деп санайсыз ғой?

- Иә, мен дәл солай деп ойлаймын. Сонымен қатар кез келген судьяға құқық қорғау органдарының не болмаса жоғары тұрған соттағы басшылықтың қалай ықпал ете алатындығын білеміз. Әзірше, біздің соттарымыз толыққанды тәуелді емес. Мұндай сәт, яғни соттарымыз қандай да бір сыртқы ықпалдан тәуелсіз болатын күн туады. Қалай десек те, егер сот отырысы алқа билердің қатысуымен өтетін болса, онда өздеріне, азаматтарға берілген материалдарды шынайы басшылыққа ала отырып, шешім қабылдауына мүмкіндік берген жөн. Қазіргі жағдайда 10 адам, тіпті қандай кәсіби судьямен (бір адаммен) салыстырмалы түрде алғанда қате немесе теріс шешім қабылдауы мүмкін деп айтуға болмайды. Сондықтан адамдарға сену және оларға сот төрелігін шығаруға мүмкіндік беру қажет.

Соңғы жаңалықтар