«Нұр Отан» партиясының өкілдері Ақтөбе облысындағы кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті

«Үгіт-насихат топ мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасы жайлы айту үшін денсаулық сақтау саласы, ұн өндіру кәсіпорнының, наубайхана және макарон фабрикасының ұжымдарымен кездесті. Сондай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс барысымен танысып, өңірде көлік тіркемелерін шығаратын жаңа зауыттың ашылу салтанатына қатысты», делінген хабарламада.
Аймаққа Республикалық сайлауалды штабын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Елеусін Сағындықов бастап келді. Сонымен қатар, делегация құрамында: ҚР Парламенті Мәжілісінің V-шақырылымының депутаттары Құралай Қаракен, Глеб Щегельский, ҚР Конституциялық кеңестің экс-мүшесі Анар Жайылғанова, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Павел Казанцев және т.б. танымал саяси тұлғалар бар.
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің қабырғасында «Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штаб мүшелерімен өткен кездесуге 300-ден астам денсаулық саласының өкілдері қатысты. Үгіт-насихат мүшелері партия бағдарламасын түсіндіру барысында соңғы 5 жылда Ақтөбе облысында денсаулық саласына бөлінген қаржы 1,3 есе артқанын, соның арқасында аймақ бойынша 62 денсаулық сақтау нысаны бой көтергенін атап өтті. Оның ішінде: 2 аурухана, 3 емхана, 20 дәрігерлік амбулатория, 37 медпункт бар.
«Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штаб белсенділері өңірде көлік тіркемелерін шығаратын жаңа зауыттың ашылу салтанатына қатысты. Кәсіпорын партия қолдауымен іске қосылып отыр. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңге. Алғашында зауыт айына 20 автотіркеме құрастыруды жоспарлап отыр. Сапасы еуропалықтардан кем түспейді.
Келелі кездесу барысында «Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері келер жылдан бастап елімізде кəсіби техникалық мамандыққа тегін оқытылатынын атап өтті.
Ақтөбеліктер алғашқылардың бірі болып «Азаматтарға арналған үкімет» жаңа жобасы жөнінде мағлұмат алды. Жоба аясында барлық мемлекеттік қызметі бір терезе қағидаты бойынша көрсету көзделіп отыр. Бұл түрлі құжаттарды рəсімдеу жолдарын жеңілдетіп, жемқорлық деректерін азайтуға сеп болмақ.
Республикалық сайлауалды штаб мүшелері ауыл шаруашылығын дамыту маңыздылығы жайлы «Рамазан» ЖШС-ның ұжымымен өткен кездесу барысында талқылады. Кәсіпорын құрамына элеватор, диірмен, макарон цехы, жарма цехы, нан зауыты мен наубайхана, құс фабрикасы, қосымша цех, жекеменшік автопарк, дүкендер желісі мен егіс алқабы кіретін астық кластерін ұйымдастырған.
Айта кетсек, жалпы Ақтөбе облысында «Нұр Отан» партиясының сайлауалды 14 штабы құрылған. Онда 2 мыңға жуық партияның сенімді өкілдерімен белсенді мүшелері еңбек етуде. Ал, «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша мәслихат депутаттығына 204 адам ұсынылған.