Нұр-Сұлтанның бірнеше ауданында құрғақ шөп өртенді

«Қазіргі уақытта «Батыс» саяжай қоғамында шамамен 1500 шаршы метр аумақта тұтанған өртпен күресті жеке құрамнан 67 адам және 9 техника, сондай-ақ әкімдіктің 2 техникасы жүргізуде. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ», - делінген елорда Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
ТЖД мәліметінше, бүгін таңертеңнен бері өрт сөндіру бөлімшелері құрғақ шөптің жануына қатысты 5 шақыртуға шықты.
Ірі өрт оқиғаларының бірі Сарыарқа ауданындағы Аққорған кқөшесінің бойында болды. Онда 300 шаршы метр аумақта шөп пен қамыс тұтанған. Сондай-ақ Алматы ауданындағы «Шығыс айналма жолда» құрғақ шөп өртенді.
Департамент ақпаратына сүйенсек, құрғақ шөп пен қамыстың жануының басты себептерінің бірі – адамдардың саяжайларда, жол бойында немесе елді мекендерге жақын орналасқан орман алқаптарында шөп пен қоқысты өртеу, сондай-ақ демалыс кезінде отты пайдалануда қауіпсіздік ережесін сақтамау.