Нұрай Серікбай ісі: өмір бойына сотталған Аймаханның қорғаушылары үкімге шағымданды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша Шерхан Аймаханның қорғаушылары өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді.
Бұл туралы марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мен жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді. Олардың айтуынша, хабарлама «Сот кабинеті» арқылы келген.
— Іс аяқталып, сот үкімі шыққаннан бері екі аптадан астам уақыт өтті. Осы аралықта екінші тараптың апелляциялық шағым беруге құқығы болды. 28 тамызда біз тиісті хабарлама алдық. Олардың адвокаттары апелляциялық шағым берген. Апелляциялық сатыдағы соттың өкілеттігі кең. Ол бірінші сатыдағы соттың үкімін толығымен жойып, жаңа шешім шығара алады. Атап айтқанда, айыптаудың жекелеген баптарын алып тастауы, жаңа баптар қосуы немесе жазаны жеңілдетуі мүмкін, — деді Сұлтан Серікбай.
Адвокат Аянхан Омаров істі қайта қарау кезінде жасалуы мүмкін процессуалдық әрекеттерге түсініктеме берді.
— ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 430-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, апелляциялық сот алқасы қылмыстық іс бойынша сот-психиатриялық немесе өзге де сараптама тағайындай алады. Мұндай шешімнің қабылданатыны істі апелляциялық инстанцияда қарау барысында белгілі болады, — деді Аянхан Омаров.
Жәбірленуші тараптың өкілдері істі апелляциялық сатыда қарауға дайындалып жатыр.
— Шағымды зерделеп, оған қатысты уәждерімізді әзірлейміз. Жақын арада іс апелляциялық инстанция сотында қаралады, — деді Аянхан Омаров.
Сондай-ақ Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істің сотында куәлік берген Қаратау аудандық полиция басқармасының бұрынғы тергеушісі Әбілғазы Артықбайға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Тергеу жалғасып жатыр. Іске қатысты өзге мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес әзірге жарияланбайды.
Артықбай бұған дейін қыздың өліміне қатысты сотта жауап берген. Ол 2025 жылдың күзінде Нұрайдың туыстары полицияға хабарласқаннан кейін шақырту бойынша оқиға орнына барған. Сот барысында Нұрайдың полиция бөлімінде оның жазбаша келісімінсіз бейнетаспаға түсірілгені анықталды. Алайда бұл факт тергеушінің процессуалдық хаттамасында көрсетілмеген. Полиция қызметкері кеуде бейнетіркегішіндегі жазбалардың сақталмауын аккумулятордың отырып қалуымен түсіндірген. Марқұмның ағасы сотта тергеуші Нұрайға қысым көрсеткенін мәлімдеген.
Еске салайық, студент Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапты. Сот анықтағандай, Шерхан Аймахан қызды үйінің маңында күтіп тұрып, оған пышақпен 35 рет жарақат салған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, кісі өлтіруге дейін Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдыған. Қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын Аймахан қызды Алматыдан Шымкентке күш қолданып алып кетіп, мәжбүрлі түрде некеге тұрғызбақ болған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері Шерхан Аймаханды адам ұрлағаны үшін жауапкершілікке тартпаған. Кейін сот-психологиялық сараптама Нұрайдың бейнетүсірілімдегі түсініктемесіне күмән келтірген.
Ішкі істер министрлігі Нұрайдың отбасының өтінішімен бұрын жұмыс істеген Шымкент полиция қызметкерлерінің ықтимал қызметтік салғырттығы фактісі бойынша жеке қылмыстық іс қозғаған.
Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметтерінен босатылды, бірнеше қызметкер ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды.
13 тамызда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шерхан Аймаханды Нұрай Серікбайды өлтіргені, некеге тұруға мәжбүрлегені және аңдығаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Бірінші сатыдағы соттың үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ. Тараптардың оны 15 тәулік ішінде апелляциялық тәртіппен шағымдануға құқығы болған.
Үкім жарияланғаннан кейін Аймаханның қорғаушылары сот шешімімен толық келіспейтіндерін мәлімдеген. Сол кезде адвокаттар үкімнің толық мәтінін алып, зерттегеннен кейін апелляциялық шағым беру мәселесін шешетіндерін айтқан.