Нұрлан Байбазаров: Жыл соңына дейін 4,7 млрд доллардың 239 жобасы іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл соңына дейін 4,7 млрд доллардың 239 жобасы іске қосылады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Нұрлан Байбазаров
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Жалпыұлттық пул жобалары іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін 4,7 млрд доллар сомасына 239 жобаны іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ, пилоттық режимде экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобалар үшін Fast Track жүйесі немесе „жасыл дәліз“ жұмыс істейді. Оның артықшылығы инвестордың барлық қажетті рәсімдерді небәрі 5 күнде жеделдетілген және жеңілдетілген түрде өтуі болады», — деді ол.

Оның атап өтуінше, экономиканың басым салаларында жоғары қайта бөлу кластерлерін құруды қамтамасыз ету үшін Үкімет мұнай және газ химиясы, машина жасау, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен сияқты салаларда 17 ірі жобаның тізбесін қалыптастырды.

«Оларды іске асыру 26 мыңнан жұмыс орнын құра отырып, шамамен 30 млрд доллар тартуға, дайын өнім экспортын шамамен 12,2 млрд долларға арттыруға және импортқа тәуелділікті 3 млрд доллардан астамға төмендетуге мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру мемлекеттік қолдаудың барлық қажетті шараларын көрсете отырып, Үкіметтің ерекше бақылауына алынды. Бүгінгі таңда „толық аяқталған“ МЖӘ-нің ауқымды жобаларын қалыптастыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен тәжірибелі шетелдік консультанттар мен техникалық сарапшыларды тарту мәселесі пысықталуда. Бұл жоспарлау сапасын және қажетті қаржыны тартуды кепілдендіруді қамтамасыз етеді», — деді Нұрлан Байбазаров. 

Бұған дейін әр өңірде әкімдердің басшылығымен Өңірлік инвестициялық штабтар құрылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар