Нұрлан Қоянбаев пен Бейбіт Әлібеков «Таза қала» бағдарламасына түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Белгілі кинопродюсер, тележүргізуші, актер Нұрлан Қоянбаев пен танымал блогер Бейбіт Әлібеков Jibek Joly арнасының «Таза қала» бағдарламасының кезекті шығарылымына қатысты. Бұл аптада Президент Телерадиокешенінің «Таза қала» жобасы өз көрерменіне алып шаһар – Алматыдан шығарылым ұсынды. Қазақстанның ең үлкен мегаполисі – Алатау баурайындағы алып қала тұрғындарының экологиялық белсенділігімен ерекшеленді. 

экология
Фото: видеодан алынған кадр

Н. Қоянбаев Инстаграм желісінде қоқыс жинап әкелген белсендіге тегін кофе беретін Махаддин мырзаны таныстырған еді. Табиғатты аялап, өзгелерді де осы игі іске шақырып жүрген кәсіпкердің жұмысын таныстыру үшін бағдарлама жүргізушісі Ә. Кәрбозов пен Н. Қоянбаев қолға қапшық алып, кішігірім сенбілік жасады. 

Таза қала
Фото: видеодан алынған кадр

Жер шарын аралап кино түсірген продюсер Қазақстандағы тазалық деңгейі жөнінде де пікірін білдірді. 

«Елімізде қоқыс мәселесі тым нашар деп айтуға болмайды, салыстырмалы түрде біздің ел таза. Әрине әрбір халықтың өз «еркелері» болады. Оннан бір адам білмеушілікпен далаға қоқыс лақтырса, оны теріп-жинайтын белсенді тұрғындарымыз да көп. Соңғы кезде қоқыс жинау сәнге айналып жатыр. Оның бір себебі – Президент жариялаған «Таза Қазақстан» акциясы екені сөзсіз. Тазалық тақырыбын Президенттің өзі қолдап жатыр, яғни бұл өте маңызды. Патриотизм осыдан басталады», - дейді Н. Қоянбаев. 

Алматы – әлем көшінен қалмай дамып келе жатқан заманауи мекен. Мұнда жасыл өмір салтын ұстанатындар да жетерлік. Танымал блогер Бейбіт Әлібеков алғашқылардың бірі болып, электрокар сатып алған.

Бейбіт Әлібеков
Фото: видеодан алынған кадр

«Мұны халықтың көпшілігі хайп ретінде қабылдады деп ойлаймын. Дегенмен, бірінші кезекте бұл қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жасалғанын айту керек. Алматыны тазартуға расымен мүмкіндігіміз бар. Көлікпен жүріп, қаланың небір тұсын көреміз. Заманауи көліктерде ауаның ластануын анықтайтын РМ2.5 бөлшектерін көрсететін мүмкіндік бар. Мәселен, Алатау ауданында ЖЭС-2 орналасқан. Әсіресе қыс мезгілінде Алатау ауданында барғанда «Өмірге қауіпті» деген ескерту шығады», - дейді блогер. 

Айта кетейік, түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барады және әрқайсысының тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді. Қоғамдық бірлестік өкілдерімен, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктімен танысады.

Таза қала
Фото: видеодан алынған кадр

«Таза қала» жобасының әр шығарылымында тілшілер жергілікті билік өкілдерімен сұхбаттасып, тәуелсіз эколог-сарапшылармен бірге өз бағаларын береді. Бұл елді мекендер мен жалпы өңірлердің санитарлық тазалық, экологиялық тазалық, абаттандыру бойынша объективті рейтингін жасауға мүмкіндік туғызады. 

Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент (18 ұпай), Түркістан (18), Тараз (15), Қызылорда (20), Өскемен (11), Семей (14) және Павлодар (17) қалаларының тазалығы жөнінде фоторепортаж сериясы жарияланған еді.