«Таза қала» – Тараздың басты экологиялық мәселелері қандай

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

АСТАНА. KAZINFORM – Табиғат пен адам қашанда үйлесімде өмір сүріп келген. Алайда заман дамыған сайын айналаға немқұрайлы қарай бастаған сияқтымыз, жаңа өнімдер пайда болғанда көшеде қоқыс көбейді. Ендеше экологиялық мәдениетті қолға алатын сәт келді. Kazinform агенттігі «Таза қала» жобасындағы репортаж топтамасын жалғастырады. Бүгін Тараз көшелеріндегі тазалық пен тәртіп, көгалдандыру, тұрғындардың экологиялық мәдениетін бағамдап көрмекпіз.

Қазақстанның ең «жасыл» қаласы

Тараз – тарихымыздың темірқазығы. Ел арасында бұл шаһар «Қазақстанның ең жасыл қаласы» атанып кеткен. Қала көшелерінде саялы ағаштардың көптігі бірден көзге түседі. Мұнда 32 млн шаршы метр жасыл желек бар. Демек, бір адамға 27 шаршы метр ағаштан келеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында да мәуелі мекенді гүлдендіріп, тазалығын сақтап тұруға кеңінен көңіл бөлініп келеді. 

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

«Бізде қала аумағы бойынша 32 млн шаршы метр жасыл желек бар, жалпы бір адамға 27 шаршы метр ағаштан келеді. Алдағы уақытта бүл көрсеткішті 32 шаршы метрден асыру жоспары тұр. Сондықтан елді көп аралайтын азаматтардың Таразға «Ең жасыл қала» деп баға беруі әбден орынды», - дейді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Әсіресе, қалада жапырақты үйеңкі, емен және өңір климатына бейім қараағаш көп. Саябақтарға шынар, жөке, көктерек ағаштары егіліп жатыр. Тау қыратында орналасқан «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде қылқанжапырақты шырша ағаштары егізіліп, автоматты суару жүйесі орнатылған. 

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

«Тектұрмас» кесенесінде санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады. Тазалық апталығында кесене ауласына 3600 түп ағаш көшеті егілген. Шараға шаһардың белсенді жастары мен «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің қызметкерлері атсалысады екен. Мұндай еңбекті көрген туристер мен қала халқы да тазалықты сақтап қалуға құштар – жерде жатқан қоқыс көрмейсіз.

Тазалық табалдырықтан

Тарихы екі мың жылдан асатын бұл қала халқының саны бүгінде 478 мың. Қала 11 аумақтық округке бөлінген. Таразға кіреберіс қақпа маңында да абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қызу жүріп жатты. Алайда қақпаны айнала бергенде-ақ үйілген пластик қоқыс пен вандализм көріністерін байқадық. Қала әкімдігі мұны халықтың экологиялық мәдениетімен тікелей байланыстырып отыр.

Алысқа ұзамай, Тараздың орталық көшелерінде субұрқақтар іске қосылмаған күйі тұрды. Іргесі сөгілген ғимараттар қала эстетикасын бұзып тұрды. Оған қоса, көпқабатты үй ауласына жайылған түрлі киімдер Италияның Неаполь қаласын еске түсірді дерсіз. 

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

Жалпы Таразда қоқыс шығару, тазалық, шөп шабу жұмыстарына 800-ден астам адам жұмылдырылған. Алайда қала орталығындағы қоқыстың көптігі көңіл қынжылтады. Қоқыс контейнері бос тұрса да, қалдықты ішіне салуға ерінетіндер, құрылыс қалдығын үй артына жинайтындар табылды, тіпті қоқысқа толы арық-атыздар менмұндалап тұрды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп үйреткен бабалардың ұрпағы едік. Бұл қоқысты бөтен біреулер арнайы әкеліп төкпейтіні анық. Сол жергілікті халықтың ішкен сусыны, жеген тамағының қалдығы, айналып келгенде сол тұрғындардың ішкі мәдениетінің көрінісі. 

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

Жергілікті билік те Тараздың ирригациялық жүйелерін тазарту жұмыстары бірер жыл бұрын қолға алынғанын жеткізді. Президент бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 800 шақырымнан астам каналдар мен арықтар тазартылған. Бұл су өткізу қабілетін арттыру үшін, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін өте маңызды. Тазартылған арық-атыздар Қырғызстанның тау сілемдерінен, Талас өзенінен және Аса-Талас каналынан келетін сумен толығады.

Ауласын гүлмен көмкерген Гүлжәмилә апай

Тараздың барлық тұрғынын тазалыққа құлықсыз деп айыптаудан, топырақ шашудан аулақпыз. Біздің жолымызда айналасын әсемдікке толтыратын кейіпкерлер де кезікті. Олардың бірі – 66 жастағы Гүлжәмилә Рахимова өз күшімен ескі «Хрущевка» ауласын гүлзар баққа айналдырған. Аулада раушан, хризантема, сәлдегүл, ирис гүлдері қауыз жарып тұр.  

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

«Ауламызға еш уақытта көңілім толмайтын. Осыдан зейнетке шықсам, Алла күш-қуат берсе, өзім-ақ көркейтемін деп сөз беріп едім. Мінекей, 8 жылдан бергі ермегім осы. Әр зейнетақы алғанда қажетті тұқымдарды сатып аламын. Интернетте барлық ақпарат дайын тұр. Асықпай, әндетіп жүріп, бәрін істеймін. Алғашында балаларым намыстанатын еді. Намыстанатын несі бар, зейнеттегі адаммын, өзіме де, өзгеге де, Табиғат-анаға да пайдалы іспен айналысып жүрмін», - дейді қала тұрғыны.

Зейнеткер әжей, үй қасындағы қоқысты тазартса, онда да гүл бағын жасауға дайын екенін айтып отыр. 

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

«Таңғы 6-да тұрып, желмен ұшып келген қоқыстарды жинаймын. Ауылға баратын көршілерден малдың қиын сұраймын. Бұл – гүлді күйдіріп жібермейтін табиғи тыңайтқыш. Барлық зейнеткер осылай белсенді болса, көп нәрсе түзелер еді. Қазір де біздің көршілер еңбегімді көріп, артық қоқыс тастауға ұялады, жастар думандатып, ішімдік ішуді қойды», - дейді Г.Рахымова.

Енді Тараз қонақтары Қазыбек би мен Әйтиев көшелерінің қиылысындағы Гүлжәмилә ханымның әсем бағын тамашалай алады.

Тараздың шыны зауыты 7 елге өнім экспорттайды

Жаз мезгілі басталысымен түрлі сусынға сұраныс артады, тиісінше шыны, пластик қалдықтары да көбейеді. Бұл ретте Таразда шыны қалдықтарын жинап, банка шығаратын цех жұмыс істейді. «Достық» ЖШС Тараз тұрғындарынан шыны қалдықтарын сатып алады, тіпті Шымкент пен Астанадан да бірнеше вагон шыны жеткізетін кездері болады. 

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

Зауыттың бір күнде 50 мың банка жасайтын мүмкіндігі бар.

«Біз тәулігіне 30 тонна шыны қалдығын қабылдаймыз, осы жерде өңдейміз, жуамыз, тазалаймыз. Бір банка жасау үшін кварц құмы, кварц содасы, әктас, доломит қолданылады. Оған шыны қалдықтары қосылып, пеште 1500 градуста балқиды және арнайы формаларға құйылады. Бір күнде 50 мың банка жасайтын мүмкіндігіміз бар және өнімдер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Литва, Сербия, Грузия елдеріне үлкен көлемде экспортталады. Осылайша, өндіріске де көмектесіп, қаланың тазалығына да үлес қосудамыз», - дейді цех басшысы Есберген Еламанов.

Айта кетейік, қаланың қатты тұрмыстық қалдықтары «Жасыл ел-Тараз» ЖШС қоқыс полигонына жіберіледі. Онда шыны, металл, қағаз секілді жарамды материалдар қолмен сұрыпталады және қалған қоқыс жерге көміледі. Қазіргі уақытта полигон 60 пайызға толған. Сонымен бірге, қаладан 8 шақырым жерде «Махмудов» кәсіпкерлігінің жеке полигоны бар. Байзақ ауданында орналасқан «Алди и К» компаниясы да қаладан шыққан қалдықтарды өңдеумен айналысады. 

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

Сарапшылар бағасы

«Таза қала» бағдарламасында Тараз қаласының таза және тазалықты қажет ететін тұстары көрсетілді. Бұл шығарылымды Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин, «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқару департаментінің директоры Сәбит Қашқынбаев, урбанист Тұрсын Жиенбаева көрді және қаланың экологиялық ахуалына өз бағаларын берді. Мамандар шешімді бес критерийге сүйене отырып шығарады. Әрқайсысын 10 балдық жүйемен бағалайды.

«Тараздың орталық көшелерінде ретсіз салынған бизнес нысандары, дүкендер мен дүңгіршектер бар. Бұл қаланың келбетін бұзады. Ал көгалдандыру жұмыстары жақсы, жолдары да жақсы. Қатты қалдықтарды өңдеуде, қала тазалығын ұстауда бірқатар проблема бар», - деп пікір білдірді депутат Е.Сатыбалдин.

Бұл ретте мамандар халықтың өзі тазалыққа қол ұшын бермесе, коммуналдық қызмет бәріне үлгермейтінін баса айтты. 

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

«Қуантатын жайт – халықтың сенбілікке белсенді қатысуы және шыны зауытының жұмыс істеуі. Ал төмен баға коммуналдық қызмет жұмысына қойылды. Қала шетіне назар аударылмайды, онда су мен жарық жүргізілмеген», - деді урбанист Т.Жиенбаева.

Бағалау қорытындысымен Тараз қаласы «Таза қала» рейтингінде 15 ұпайға ие болды. 

Тараз
Фото: Jibek Joly TV

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Президент Телерадиокешені «Таза қала» ауқымды тележобасын қолға алды. Алғашқы түсірілім Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында басталды.

Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент пен Түркістан қалаларының тазалығы жөнінде фоторепортаж жарияланған еді.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram