«Таза қала»: Павлодарда қоқыстың 70%-ы қайта өңделеді

АСТАНА. KAZINFORM — Дамыған елді, көркейген қаланы анықтайтын негізгі критерийлердің бірі – тазалық.  Президент Телерадиокешенінің «Таза қала» жобасы Ертістің жағасындағы Павлодар өлкесіне жетті. Тарихи тұлғалар дүниеге келген өңірдің тазалығы қай деңгейде – кезекті шығарылымнан оқыңыз.

Jibek joly
Фото: Kazinform

                                                   Павлодар – трамвайлар қаласы

Әр қаланың тап-таза тұстары да, шаңға батқан көшелері де бар. Сондықтан бағдарлама жүргізушілері екіге бөлініп, қаланың түкпір-түкпірін аралады. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

Қойнауы тарихқа бай Ертіс-Павлодар өлкесінде тазалыққа ерекше зейін қойылады. Қаланы абаттандыру, аулаларды жаңарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биылдың өзінде 20 мың түп ағаш егу жоспарланған. Президент Қасым Жомарт Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» акциясы аясында жұмыстары атқарылып келеді. Өңір тұрғындары туған өлкені қоқыстан тазартып, эко-шараларға белсенді қатысып жүр. 

павлодар
Фото: Jibek Joly

Қалалық саябақ – Павлодар жұртшылығының қыста да жазда да серуендеп бой сергітетін орындарының бір осы. Демек шаһар жұртшылығының тазалық мәдениеті де, тәртібі де айқындалатын аумақ. Бұл саябақта түсірілім тобына бір де бір қоқыс кезікпеген. Алдағы уақытта да бұл кеңістік жанданып, түрлене түседі. Ғасырға жуық тарихы бар Орталық саябақта ауқымды жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Оған 30 млрд теңге шамасында қаражат жұмсалады. Аквапарк, стадион, ойын алаңы және аттракциондар қайта жаңартылады. 

Павлодарда өзге қалаларда кездесе бермейтін ең ірі трамвай желісі орналасқан. Кезінде Аллюминий зауыты мен химиялық зауыттың жұмысшыларын тасыған, 60 жылдық тарихы бар трамвай депосында бүгінде 100-ден астам тоқпен жүретін көлік бар. Мұндай көрсеткішті Қазақстанның басқа жерлерінен кездестірмейсіз. Әрі трамвайлар шаһардың барлық көшесіне қатынайды. Бұл қала қонақтары мен тұрғындарының мақтанышпен айта алатын тарихи құндылығы екені сөзсіз. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

Ал қаланың эстетикасына байланысты белгілі бір сұрақтар бар. Жалпы Павлодардағы ғимараттардың жартысынан көбі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Әсіресе орталық көшелерінен шеткері тұрғын үйлердің жағдайы мәз емес. Гагарин, 81 мекенжайының тұрғындары ауланы абаттандырып, балаларға жағдай жасалса дейді. Бұл үйде 50 жылдан бері балалар алаңы болмаған. Ал 145 пәтері бар үйде жылдан-жылға балалар саны артып келеді. Ескі әткеншектер 1974 жылы үй бой көтерген сәттен бастап алаңқай ауыспағанын тағы бір дәлелдейді. Жаңа, заманауи алаңдар түрлі сылтаумен салынбай қалатын көрінеді. 

           

4 қапшық тамақ әкелсең, 1 қапшық қоқыс әкетуге ерінбе

Қаладағы экологтардың бас ауыртатын мәселелері де баршылық екен. Оны бізге Марина Поух айтып берді. Білікті маманмен алдын ала келісіп, қаладағы табиғи орманның маңында кездесетін болдық. 

«Біз Усольский деп аталатын ерекше орынға келдік. Саябақ деп айта алмаймыз, экожүйе десек болады. Мұнда 50-ші жылдары ағаш отырғызу басталды. Ал қазір демалуға келген азаматтарымыздың қалдықтарын көріп жүрміз. Қоқыс өте көп. Әрине, бұл өзеннің өзін ластайды және антисанитариялық жағдай тудырады. Бұл әр адамның мәдениеті. Өзіңізбен төрт қапшық тамақ әкелсеңіз, қайтарда бір қапшық қоқыс әкетуге ерінбеу керек», - дейді маман.

Бұл табиғи экожүйенің маңы ғана, орман ішінде тұрғындардың демалған орындары менмұндалап тұр. Жолай көмір мен оттық алып, демалуға бара жатқан тұрғындар да байқалды. Орманға от тисе, соңы неге әкеп соғары белгісіз. Эколог Марина Поух қаланы абаттандыруға қатысты тағы бір мәселенің шетін шығарды. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

«Павлодарда ағаштарды суару жүйесін пысықтау қажет. Мынау суарудың аздығының салдары. Неліктен кеуіп кетті? Бұл үлкен сұрақ. Ал мұнда жай ғана сынған бұтақтар бар. Мұнда суару жеткіліксіз. Алғашқы жылы бір ғана көліктің арагідік суаратынын көретінмін. Әр ағаш аптасына кемінде 10 литр суды қажет етеді. Қай ағашқа қанша литр су құйылғанын ешкім қадағаламайды.», - дейді эколог.

Облыс орталығында ағаштардың жерсіну көрсеткіші төмен деңгейде. Осыдан екі жыл бұрын мұнай-химия зауыты отырғызған ағаштардың 40%-ы қурап кеткен. Ал электролиз және алюминий зауыты салған көшеттердің барлығы дерлік қураған. Расымен назар аударатын жайт.

         Қоқыстардың 70%-ы қайта өңделеді

Әкімдік де арагідік орман іші қоқысқа толатынынан хабардар екен. Сондықтан сенбіліктерді жиі өткізіп тұрады. Бағдарлама түсірілімі болған күні тұрғындар Усольский аумағынан 20 тоннадан астам қоқыс шығарған. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

Тұрғандар тонналап жинаған қоқыс қайта өңдеу зауытына жеткізіледі. Қалада жолға қойылған бірден бір сала – қоқысты қайта өңдеу. Жалпы бүкіл әлемде қажетсіз затқа екінші өмір сыйлау табысты бизнеске айналған. Қазақстан да заман көшінен қалмай ауқымды жобаларды қолға алып келеді. Қазірдің өзінде 232 млрд теңгеден асатын 94 жоба іріктелді. «Жасыл даму» АҚ жобасы арқылы кәсібі өркендеген тағы бір өндіріс орны Павлодарда.

«Бұл мекеме қажетті құрал-жабдықтың 70 пайызын өз қолымен жинады. Алғашында тек құштарлық қана болды. Ал қазір қаладағы қалдықтың шамамен 70 пайызын қайта өңдеуге қол жеткізгісі келеді. Яғни полигондағы қалдықтардың басым бөлігін зауытқа жинап, мүмкіндігінше өздері қайта өңдейді», - дейді «Жасыл даму» акционерлік қоғамының инвестициялық жобалар қызметінің бас менеджері Ілияс Жанболатов.

Қайта өңдеумен айналысатын мекемелерге қоқысты қайдан алуға болатынын жергілікті блогер Бәкіжан Кәкім біледі. Ол «Екінші Павлодар» аталып кеткен аудандағы жолдың қақ ортасына тасталған қоқысты көрсетті. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

«Қазір тазаланған мына қоқыстың бәрін шығару үшін үлкен техника керек. Өйткені жәй техникамен шығару мүмкін емес. Неге ерінгендерін білмейміз, не мақсатпен осында төккенін де білмейміз, мынау жеке аумақ емес, сондықтан айыппұл салынуы керек», - дейді блогер.

Павлодар
Фото: Jibek Joly

Бағдарлама эфирге дайын болғанша әкімдік қоқысты тып-типыл жинап алған. Дегенмен тұрғындардың тазалық тәртібі сұрақ күйінде қала бермек.

                                                    Иманбек «Таза қала» жобасында

Әйтсе де, Павлодар жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Тіпті өнерімен талайды таңқалдырып, әлемді шарлап жүрген жұлдыздардың да бұл қаладан кеткісі жоқ. Әлемге әйгілі диджей, Grammy жүлдесінің иегері Иманбек Зейкенов «Таза қала» бағдарламасының түсіріліміне қатысты. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

«Мен Қазақстанның көптеген қалаларында болдым. Менің ойымша, біздің қала өзгелермен салыстырғанда өте таза. Зауыттар болған күнде де жағдай жақсы. Қоршаған орта да жағымды. Қалада қоқыс жәшіктері өте көп және қоқыс жоқ», - дейді диджей.

Иманбек басты хитты жазуға шабыттандырған қаланың тазалығы, эстетикасы және даму қарқыны жөнінде айтып берді.

«Мен мұнда 2016 жылдан бері тұрамын. Сол уақыттан бері жаңа тұрғын үй кешендері көптеп салынды. Өте ұзын жағалау пайда болды. Қазір мұнда адамдар да көптеп келе бастады. Бұрын олай болмаған еді», - дейді И.Зейкенов.

Жағажай жанындағы Ertis Promenade сахнасында тұрғындар үшін түрлі мәдени шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Ол концерттің басы-қасында осы елдің тумасы Алтынбек Рахметов жүреді. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

«Дәл осы сахнадағы концерттерге 10 мыңнан бастап, 70 мың халыққа дейін жиналады. Біз ұйымдастырушы-режиссер болғасын ең соңынан кетеміз, бір қоқыс таба алмайсың, сол сахнадағы мәдениет бір төбе және Павлодар халқының мәдениеті бір бөлек. Сондықтан, Павлодарды еліміздің ең мәдениетті қаласы деп айтуға болады», - дейді А.Рахметов.

   Әкім жауабы

Павлодар облысының басшысы Асайын Байханов «Таза қала» бағдарламасына сұхбат беріп, тұрғындарды алаңдатқан ауланы абаттандыру сұрақтарына жауап берді. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

«Жалпы Павлодар қаласында 610 аула бар, оның 370-і абаттандырылған, оған қосымша биыл тағы 100 аула абаттандырылады. Қалған 100 ауланы 2025 жылы толығымен аяқтауды көздеп отырмыз», - дейді облыс басшысы.

Қала көшелеріндегі тазалық та облыс әкімінің назарында екен. Көше бойына төгіп кеткен қоқысты арнайы ұйым көрген бойда лезде жинап алатын көрінеді. Тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін де бірнеше бағытта жұмыс жүргізілмек. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

«Бірінші бағыт – мұндай ақпараттық жұмысқа үлгілі азаматтарды тарту. Екінші бағыт – әкімдік әрине жиі санитарлық жұмыстарды жүргізуі керек. Үшінші бағыт – құқық қорғау органдары түсіндірме жұмыстарын жүргізуі керек. Оған қоса, бір жарым жылдан кейін өңірдегі қоқыс өңдеу көлемін 80-85 пайызға жеткіземіз», - деді А.Байханов.Сарапшылар бағасы

Бағдарлама жүргізушілері Павлодар туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Бұл шығарылымды AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқару департаментінің директоры Сәбит Қашқынбаев және урбанист Тұрсын Жиенбаева арнайы тамашалады. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

«Қалаға инфрақұрылым жетіспейді. Насихат жұмыстары да көрінбейді. Экобелсенділер саны көп болғасын, қаланың әкімшілігі мен коммуналдық қызметкерлерінің жұмыстары белсенді көрінеді», - деп баға берді С. Қашқынбаев.

Ал урбанист Т.Жиенбаева ескі қалалардың көптеген проблемалары ұқсас екенін атап өтті. 

Павлодар
Фото: Jibek Joly

«Мәселен, оны қала ғимараттарының қасбетінің ескіруінен көруге болады. Сонымен қатар, қалада аула кеңістіктерін абаттандыру жұмыстары көрінбейді. Қала мәдениетін жақсы деп бағалаймын, қайта өңдеу зауыттарының жұмыс істеп тұрғаны да қуантады», - деді ол.

Жалпы есепте Павлодар қаласы 17 ұпай жинады және қалалар рейтингінде 4-орынға тұрақтады.

«Қаланың көркі-ажары көздің жауын алады. Әсіресе ұнағаны ерікті жастардың, қала тұрғындарының ойы, экологиялық мәдениеті, пікірі қатты әсер берді», - дейді М.Болысбек.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап дазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.

Маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Президент Телерадиокешені «Таза қала» ауқымды тележобасын қолға алды. Алғашқы түсірілім Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында басталды.

Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен және Семей қалаларының тазалығы жөнінде фоторепортаж сериясы жарияланған еді.

 

Соңғы жаңалықтар