Нью-Йорк соты Ілияс Храпуновты кінәлі деп таныды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 6 тамызда АҚШ-тың Нью-Йорк Оңтүстік округі бойынша округтік соты дәлелдемелерді зерттеу арқылы өткен тыңдау қорытындысында талапкерлер — Алматы қаласы мен «БТА банк» АҚ пайдасына шешім шығарып, Ілияс Храпуновты сотты құрметтемеу айыбымен кінәлі деп таныды.

Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлайды.
— Бұған дейін қабылданған $221,285.31 төлеу жөніндегі міндеттемеге қоса, федералдық судья Джон Г. Кёлтл Храпуновтың өз активтері туралы тұрақты түрде есеп беруді міндеттеген соттың нақты әрі айқын бұйрығын бұзғанын анықтады. Мұндай есептерді ұсыну міндеті оған бұрын сотты құрметтемеу айыбы бойынша кінәлі деп танылғаннан кейін жүктелген болатын, — делінген министрлік таратқан ресми хабарламада.
Жаңа сот шешіміне сәйкес, Ілияс Храпунов өз активтері және оған қарсы шығарылған сот шешімін орындау үшін ақша алуға жасалған әрекет туралы толық мәліметті тұрақты түрде ұсынуға міндетті.
— Талап орындалмаған жағдайда оған қосымша қаржылық санкция қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, Ілияс Храпунов Алматы қаласы мен БТА банкке сотты құрметтемеуі салдарынан келген шығынды өтеп беруге тиіс, — дейді ведомстводан.
Еске сала кетсек, Англияның жоғарғы соты Ілияс Храпуновтың активтерін пайдалануға тыйым салған еді.
Сондай-ақ Нью-Йорк соты Мұхтар Әблязов пен Ілияс Храпуновқа айыппұл санкцияларын салды.