ОА — Италия саммиті: Қазақстан Орта дәліздегі жүк тасымалын екі есе арттыруға ниетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемін алдағы үш жылда екі есе арттыруға ниетті екенін жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия — Италия» бірінші саммитінде осындай мәлімет келтірді.
— Аймақта көлік технологиясының бірлескен кәсіпорындарын құрып, Италиядан өндірістерді жергілікті экономикада оқшаулауға қызығушылық бар. Бұл елдерімізге айтарлықтай пайда әкеледі. Бұл бағытта бізде жемісті ынтымақтастықтың мысалдары баршылық. Мысалы, қазақстандық зауыттардың бірінде италиялық технология бойынша ауылшаруашылығы техникасын құрастыру жолға қойылған. Сонымен қатар, италиялық компанияның қатысуымен күкірт қышқылы зауытының, газ өңдеу зауытының құрылысы басталды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан ауқымды экономикалық реформаларды іске асырып, заңнаманы жетілдіру арқылы елдегі инвестициялық климатты одан әрі жетілдіруге ниетті екенін атап өтті.
— Тағы бір өзекті міндет — трансқұрлықтық байланысты бекемдеу. Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту арқылы біздің елдер ежелгі Жібек жолын жаңа негізбен қайта жандандырып жатыр. Былтыр осы дәліздің Қазақстандағы бөлігінде контейнермен жүк тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Үш жылдың ішінде осы көрсеткішті екі еселеуге ниеттіміз, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия — Италия» алғашқы саммиті өтіп жатыр.
Сондай-ақ, бүгін түске дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони Астана халықаралық форумының екінші күніндегі пленарлық сессияға қатысты.
Бұдан кейін Қазақстан Президенті мен Италия Премьер-министрі Ақордадағы келіссөз қорытындысы бойынша Стратегиялық серіктестікті кеңейту жөнінде Бірлескен мәлімдеме қабылдаған болатын.