Облысымызда қатердің беті қайтқан жоқ — Асхат Шахаров

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде 792 үйді су басты, 8978 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Облысымызда қатердің беті қайтқан жоқ. Бұл туралы Асхат Шахаров әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Асхат Шахаров
Фото: видеодан көрініс

Ақтөбе облысындағы су тасқыны өткен аптада басталды. Алдымен Ақтөбе қаласы мен Байғанин, Темір аудандарында қауіп күшейіп, жолды су басты, үйге су кірді. Кейін Қобда, Ойыл, Әйтеке би, Мұғалжар аудандарында су деңгейі көтеріліп, төтенше жағдай жарияланды. 


⁠— Өңірімізге төнген апат бірнеше күннен бері әбігерге салып жатыр. Тасқынға тосқауыл болу үшін жеке құрамнан 3140 адам, 664 техника, жалпы барлық күш жұмылдырылды. Облысымызда қатердің беті қайтқан жоқ. Демек, босаңсуға әлі ерте деген сөз. Қолда бар дерекке сүйенсек, өңірде 792 үйді су басты. 8 978 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Облыстың 5 ауданында, Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл және Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қауіпті аймақтарда су сору, тазалау, тоқтату жұмыстары үздіксіз жүргізіле береді. Бұл күресте тұрғындардың қосқан үлесі зор. Ұйымшылдықпен іске кіріскеніміз — күшіміздің бірлікте екендігінің дәлелі, — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Оның айтуынша, қазіргі кезде комиссия құрылып, шығын мен келтірілген залал есептеліп жатыр. 

— Жапа шеккендердің шығыны түгел дерлік өтеледі. Үй-жайларын қалыпқа келтіріп, басқа да қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеміз. Президент мұны қатаң бақылауға алды. Өңірімізге Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов келді. Аймақтағы ахуалды әуеден көріп, су қоймаларының бүгінгі күйімен танысты. Ахуалдық орталыққа барды. Республикалық штаб отырысында да халыққа көмек мәселесін жан-жақты талқыладық. Қымбатты жерлестер, әр отбасының мұң-мұқтажын назарға аламыз. Сын сағатта сабырлық танытқан сіздерге амандық тіледім, — деп жазды Асхат Шахаров.