Облыс әкімі Екібастұздағы қалған үйлерді 3 күнде жылуға қосуды тапсырды

ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Екібастұз қаласына барған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жеке сектордағы үйлерге жылуды қалпына келтіру жұмыстарын көріп, жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
None

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде 24 жеке меншік үйге жылу берілді, қалған 29 үйді жылуға қосу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, желідегі де, үйлердің ішіндегі де жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде. Көпқабатты үйлердің бәріне жылу берілді.

«Тұрғын үйлерге беріліп жатқан жылу режимдерінде ауытқу болғандықтан, қазір жылумен қамтуды реттеу жүріп жатыр», — деді Аян Бейсекин.

Облыс әкімі қалған үйлерді жылуға қосу жұмыстарын үш күннің ішінде аяқтауды тапсырды.

«ОАЭК» АҚ басқарма төрағасы Леонид Янушконың хабарлауынша, қазір олардың басты міндеті – жылумен қамту жүйесін реттеу.
Өз кезегінде аймақ басшысы А.Байханов станция тұрақты түрде жұмыс істеуі үшін ауа райы жағдайына қарамастан температураны көтеріп, оны ұстап тұру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол «ОАЭК» АҚ басшылығына станция қазандықтарына маусымаралық кезеңде күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін айтты.

«Біз өз тарапымыздан жылу желілерін жөндеу және жаңғырту бойынша қажетті көмек көрсетеміз. Алайда, сіздер қысқа мерзімде желілерді жаңғырту және қайта құру жобаларын өзектендіріп, сметалық есептеріңізді жаңартуларыңыз қажет. 2023 жылдың ақпан айына дейін соңғы нұсқаларды тапсыру керек», – деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына Екібастұздағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың 200-ден астам маманы тартылды. 2022 жылғы 10 желтоқсаннан бастап павлодарлық мамандарды тарту арқылы қаланың жылу желісін реттеу басталды. Сонымен қатар жылу трассаларындағы ұсақ су кетулер мен ақауларды жою жұмыстары жүріп жатыр.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр апат салдарын жою жұмыстары аяқталғанша Екібастұзда болатыны хабарланды.

7 желтоқсанда барлық көпқабатты үй жылуға қосылғаны мәлім етілді.

8 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы жылу жүйесін қалпына келтіру 15 желтоқсанға дейін аяқталатынын айтты. Осы күні қалада төтенше жағдай режимі алынды.


Соңғы жаңалықтар