Офицерлер үйі алдындағы плиткалар не үшін алынуда: Алматы әкімдігі түсіндірді

«Мен 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақтың шығыс жағында орналасқан Офицерлер үйі ғимаратының алдындағы бөлшектелген плиткаларға қатысты әлеуметтік желілердегі видеоларға түсінік бергім келеді. Айта кетерлігі, Алматы әкімдігі бұл ғимараттың теңгерім ұстаушысы емес, ол Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымның меншігінде. Тіпті, әкімдік жүріп жатқан жұмыстарға тапсырыс беруші де емес»,- деді Еркебұлан Оразалин.
Әкімнің айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталған соң плиткаларды орнына қайта төсеу жоспарланған.
«Плиткалардың жасыл аймаққа ұқыпсыз қойылуына байланысты бүгін мердігерлік ұйымға әкімшілік айыппұл салынды. Енді оны жаяу жүргіншілер бөлігіне мұқият ауыстырып, алдағы күндері қайта төсеуге кіріседі. Барлық алматылықтарға айтарым, мұндай бейнеүндеулерді жарияламас бұрын, жүріп жатқан жұмыстар туралы шынайы ақпарат алу үшін әкімдікке хабарласуды сұраймын»,- деді ол.
Қазіргі уақытта Офицерлер үйі ғимаратының шатырына және жертөлесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде (жалпы алаңы – 5,5 мың шаршы метр).