ОҚО-да жүргізуші полицейге жұдырық жұмсап, погонын жыртқан
![None None](/static/img/plug.webp)
ОҚО ІІД баспасөз қызметінен Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында болған оқиға жайлы айтты. 44 жастағы полиция майоры жол қиылыстарының бірінде бір топ ер адам дауласып жатқанын көреді. «Опель-вектра» көлігінің жүргізушісі өзі басып кетуге шақ қалған жүргіншімен керісіп жатқан. Жүргізушінің ішімдік ішкені анықталды. «Әңгімеге учаскелік полицей араласқаны сол еді жүргізуші, 37-жастағы жергілікті тұрғын тәртіп сақшысына тұра ұмтылды. Оның погонын жыртып, тұмсығынан бірнеше мәрте соғып жіберген», - деп хабарлады ОҚО ІІД баспасөз қызметінен.
Ордабасы ауданы колледждерінің бірінде оқытушы болып жұмыс істейтін ызақор жүргізуші уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 321-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Егер жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, ол 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді. Бұдан басқа, бұл бапта 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.