ОҚО кәсіпорындарында былтыр 444,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың халық алдындағы қорытынды есеп беруі барысында мәлім болды.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде ірі өндіріс орындарының саны аз болуына қарамастан, саладағы өнімділік бойынша еліміздің өзге индустриалды аймақтарымен тең деңгейдегі нәтижеге қол жетуде.
«Мәселен, былтырғы жылы, облыс кәсіпорындарда 444,8 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, 2011 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі - 106,5 пайызды құрады. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы мен өндірістің кеңеюі есебінен 30517 жұмыс орны құрылып, облыс экономикасын дамытуға 315,1 млрд.теңге инвестиция тартылған», - делінген баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 29 жоба іске асып, жаңадан 2216 жұмыс орны ашылды. Белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 109,4 мың бірлікті құраған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 68,8 млрд теңгені құрайтын 168 жоба мақұлданды, 2076 жұмыс орны ашылып, 3771 кәсіпкер оқытылды. Жобалар бойынша облыс алғашқы бестіктің қатарында», - делінген баспасөз айғағында.