Оқу-ағарту министрі журналистер мен театр майталмандарына базынасын айтты
АСТАНА. KAZINFORM – BIZDIÑ ORTA подкастында қонақ болған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев журналистер мен театр майталмандарына базынасын жеткізді.

– Қоғам, ата-аналар, педагогтер болып, баланың сапалы білім алуына, саналы тәлім-тәрбие алуына, азамат ретінде қалыптасуына қызмет етуміз қажет. Соған байланысты кейде журналистер де, ата-аналар да мұғалімді көбірек алаңдататынын айтуымыз керек. Кейде мұғалімдерді кінәлап, тэгтеп жататын жайттар мені де таңғалдырады. Мәселен, мұғалімдердің мәртебесіне қатысты заң қабылданды. Ал қынжылтатын дүние кейбір журналистеріміз ұстаздардың мәртебесін түсіруге жұмыс істейтін сияқты. Айталық, есірткі сатқан, зорлық, қылмыс жасаған адам бұрын мұғалім болған екен деп жатады. Бұрын мұғалім болғанын несіне астын сызып айтамыз?! Демек, жазып отырған адам мұғалімнің абыройына, жалпы еліміздегі 600 мың педагогтің атына кір келтіруді көксеп отырғаны ма? Әйтпесе, несіне мұғалімді тэгтейді? - деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар министр театр, өнер адамдары да сайқымазақ қойылымдарға мұғалім образын қосатынына ренішін білдірді.
– Мұндағы мақсаты не? Күлкі, мазаққа айналдыру. Мұғалімге құрметпен қарауымыз керек. Қоғам ұстаз атағын көтеруге жұмыс істеуі қажет. Осыдан 30 жылдай бұрын әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміз мұғалім көргенде бас киімін шешетін. Әртүрлі келеңсіздікті мұғалімге теліп, қорғаудың орнына кінә арта беретін болсақ, оның абройына нұқсан келеді. Сондықтан мұғалімнің қадір-қасиетін жұмыла қорғауымыз, қолдауымыз керек. Мұғалім ата-ананың, журналистік сауалына жауап берумен емес, балаға сапалы білім берумен айналысуы тиіс. Кейде ата-аналар да шектен шығып, ұялы телефонын алып, мектепке баса-көктеп кіріп кетеді. Олай да алаңдатуға болмайды, - деді ол.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі еліміздегі барлық білім ордасы заманауи «Келешек мектептеріне» айналатынын айтқан еді. Сондай-ақ Ғани Бейсембаев Қазақстандағы мектептер бір ауысымды оқыту жүйесіне қадам басқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге сұхбат барысында он өңірдегі ескі, апатты жағдайда тұрған мектептер жаңартылатыны белгілі болды.