Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырып жатқан жаңа жоба оқушыларға не береді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі жоғары сынып оқушыларына мектептен кәсіби мамандық игеріп шығуға мүмкіндік беретін пилоттық жобаны жүзеге асырып жатыр.

Елордада жұмысшы мамандықтарының фестивалі басталды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген ведомство еліміздің 17 өңірінде іске қосылған жоба кадрлар даярлауға көзделген жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатынын хабарлады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бастама мектептің білім беру жүйесінің практикалық бағытын күшейтуге және жастардың жұмысқа ерте орналасуына мүмкіндік жасауға бағытталған. Кәсіптік даярлық колледждер базасында, ал жалпы білім беру пәндерін меңгеру мектептерде өтеді.

- 11-сыныпты бітіргеннен кейін оқушылар аттестат қана емес, орта техникалық білім туралы диплом да алады. Пилоттық жобаға 150-ге жуық колледж бен мектеп, 2 мыңға жуық оқушы қатысып жатыр, - делінген ведомство жауабында.

Ресми мәліметке сәйкес, жоғары сынып оқушылары еңбек нарығы үшін қажетті бағыттар бойынша білім алады. Оның ішінде тамақтануды ұйымдастыру, автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу, тігін өндірісі және киімді модельдеу, киім дизайны, графикалық және мультимедиялық дизайн, дәнекерлеу ісі, жиһаз өндірісі, шаштараз қызметі қамтылған.

- Биыл 905 түлек кәсіби біліктілікпен қатар еңбек нарығына бірден шығу мүмкіндігіне ие болып, колледж дипломын алады. Жоба техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялауға, экономиканың нақты секторының қажеттіліктеріне бағдарланған бәсекеге қабілетті адами капиталды қалыптастыруға арналған мемлекеттік стратегиялық бағыт шеңберінде іске асырылып жатыр, - деп мәлімдеді министрліктен.

Еске салайық, биыл ақпан айында жоғары сынып оқушылары кәсіби мамандықты меңгеріп шығуға мүмкін беретін заңды Мәжіліс мақұлдады.

Бұған дейін колледж бітіргендердің қанша пайызы жұмысқа орналасатынын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар