Оқу-жаттығу: Ақтөбедегі төтенше аумақтан 3500 адам эвакуацияланды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында «Қыс-2017» республикалық оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығу кезінде Жіңішке станциясында күкірт қышқылы төгіліп, халықаралық әуежайға ұшақ апатты қонды, жол-көлік оқиғасы болған жерде құтқару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қыс-2017» республикалық оқу-жаттығуы биыл Ақтөбе қаласында өтті. Арнайы сценарий бойынша Жіңішке станциясында күкіртті қышқыл төгіліп, теміржол бойында болған апатты жою жұмыстарын жүргізілді. Алдымен барлау, эвакуациялау, медициналық көмек көрсету жұмыстары жүрді. Кейін күкірт қышқылының төгілуі тоқтатылды. Залалсыздандыру, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары, апаттар медицинасы ортылығының жедел әрекет ету бригадасы, өрт сөндірушілер жедел жетті. Оқу-жаттығу кезінде арнайы құрылымдар өздеріне жүктелген тапсырманы толық орындады.
«Қыс-2017» республикалық оқу-жаттығуы кезінде азаматтық қорғау құрылымдарының саптық түзілімі өтті. Тәртіп сақшылары, шұғыл медициналық көмек бекеті, радиациялық-химиялық бақылау, шұғыл әрекет ету жасағы сынды мекемелер өз жұмыстарын көрсетті.
«Біздің командада 37 адам, 10 арнайы техника бар. Ақтөбе хром қорындылары зауытындағы жұмысшылардан құрылған арнайы команда ғимараттар құлаған кезде құтқару жұмыстарын жүргізуге дайын. Арнайы техниканың бәрі бар. Жылына екі рет оқу-жаттығу өткіземіз. Кез келген уақытта көмек көрсетеміз»,- деді инженерлік команданың командирі Евгений Церковнов.
Айта кетейік, оқу-жаттығуға Ішкі істер министрлігі, төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Марат Көлдіков, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Барлығы 60-тан астам техника, 200 жеке құрам жасағы төтенше жағдай кезінде өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға әзір екенін жеткізді. Биыл Ақтөбе облысындағы азаматтық қорғау құрылымдары табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдай кезінде 680 адамды құтқарды. Төтенше жағдайлар аумағынан 3500 адам эвакуацияланды. Барлығы 250-ден астам адам зардап шегіп, оларға дер кезінде медициналық-психологиялық көмек берілді.