Оқудан шығарылып, Астанадан Ақтөбеге қашқан Ауғанстан азаматтары ұсталды

Ауғанстан
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе полициясы Ауғанстан азаматтарын жалдамалы пәтерден тапты. Кейін оларды Астанадағы полиция қызметкерлеріне жібереді.

Ақтөбе полициясы 1998, 1995, 2000, 2004, 2006 жылы туған Ауғанстан азаматтарын тауып, оларды бөлімшеге жеткізді. Оқудан шығып қалған шетелдіктер талап бойынша еліне қайтуы тиіс болған. 

Студенттері
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

— Полиция департаментіне елорданың жоғары оқу орындарының бірінің жеті студентін, Ауғанстан азаматтарын іздеу туралы өтініш келіп түсті. Студенттер оқудан шығарылған және өз еліне қайтуы тиіс болған. Алайда шетелдіктердің Ресей Федерациясына кетуге оқталғаны, Ақтөбе қаласында жасырынып жүргені анықталды. Полиция қызметкерлері қонақүй, жатақханалар мен жалдамалы пәтерлерді тексерді. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде олар жалдамалы пәтерлердің бірінен табылды. Шетелдіктер полицияға жеткізіліп, елордалық әріптестерге беріледі, — деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Соңғы жаңалықтар