Оқушыларға да SMS-хабарлама жіберіп жатыр: Балалардың құқығын қорғау комитеті алаяқтық туралы ескертті
АСТАНА. KAZINFORM - Жаңа оқу жылы басталғалы бері алаяқтар балаларға қоңырау шалып, өзін мұғаліммін деп таныстырып жүр, деп хабарлайы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінен.
Комитеттің хабарлауынша, «Электрондық күнделікті жаңарту» деген сылтаумен олар SMS арқылы келген бір реттік құпия кодтарды сұрайды. Бала оны ата-анасына немесе мектебіне көмектесіп жатырмын деп ойлауы мүмкін. Іс жүзінде алаяқтар осы кодтарды пайдаланып, «Электрондық үкімет» жүйесіне, онлайн-банкингке немесе туыстарының банк шоттарына қол жеткізеді.
Осы ретте министрлік SMS-тегі кодтардың жеке мәлімет екенін және оларды ата-анадан басқа ешкімге айтуға болмайтынын ескертті.
Баламен әңгімелескенде ерекше мән беретін жайттар:
* қандай жағдайда да SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеу;
* қоңырау шалған адам өзін мұғалім немесе мектеп қызметкерімін десе де, бірден ата-анасына хабарласу;
* күдікті сілтемелерге өтпеу, бейтаныс қосымшаларды жүктемеу.
Ата-аналар не істей алады:
* балаға шынайы мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері ешқашан SMS кодтарын немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын түсіндіру;
* телефонға ата-ана бақылауын орнатып, беймәлім нөмірлерден келетін қоңырауларды қадағалау;
* балаңызбен сенімді қарым-қатынас орнатып, осы сынды жағдайды жасырмай айтуға болатынын сездіру.
-Күдікті әрекеттер байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе 111 Байланыс орталығына хабарласуға болады. Балаларыңызды қорғаңыздар — олардың қауіпсіздігі сіздің қырағылығыңыздан басталады!, -делінген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті таратқан хабарламада.
Осыған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерткен болатын.