Оқушымен бірге мұғалімнің де білім деңгейін бағалайтын платформа пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тоқсан қорытындысын жылдам бағалайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесі таныстырылды.

Жаңа жүйені BilimClass цифрлық платформасы ұсынып отыр. Жаңа жүйе оқу процесін шынайы деректер негізінде толықтай бақылауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, BilimClass платформасы қазір Астана мен Алматы қалаларының, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарының білім жүйесіне кіріктірілген. Платформада 2,3 миллионнан астам оқушы мен 315 мыңға жуық мұғалім тіркелген.

Цифрлық платформаның иесі — Bilim Group компаниясы. Жоба авторлары жаңа жүйе білім сапасы мен үлгерім деңгейін автоматты түрде есептейтінін айтады. Бағалау процесі әр сынып, пән, оқу тілі бойынша, мұғалім мен оқушы деңгейінде де жүргізіледі.
— Басты мақсатымыз — мұғалімге түсінікті, қарапайым құрал жасау. Біз деректерді автоматты түрде жинап, түрлі қырынан талдайтын сүзгілер арқылы рейтинг құрдық. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктің себебін де автоматты жүйе арқылы дәл табуға болады, — дейді жоба авторларының бірі, Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уалиев.
Автоматты жүйе мынандай төрт бағытты қамтыған:
— білім сапасы мен үлгерім (тоқсан нәтижелері мен сын-қатер аймақтарын бір экранда толық көрсетеді);
— мұғалім көрсеткіштері (нақты жүктеме негізіндегі жеке аналитика);
— оқушы статистикасы (үздік, жақсы, қанағаттанарлық, үлгерімі төмен және аттестатталмаған);
— мұғалімдер рейтингі.

Bilim Group компаниясының жоба менеджері Фархат Үсен жаңа платформаның интерфейсі барынша түсінікті етіп әзірленгенін айтады.
— Жүйе сын-қатерлердің алдын алып, ата-аналармен де, педагогтермен де ашық форматта жұмыс істейді. Жүйе оқу барысындағы олқылықтарды анықтап, оларды қалай түзету керегін ұсынады. Сондай-ақ, қай бағытта әдістемелік қолдауды күшейту керек, қандай пәндер мен сыныптарды басымдыққа қойған дұрыс деген сияқты басқару деңгейіндегі шешімдерді қабылдауға көмектеседі, — дейді ол.
Бұған дейін елімізде ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізу деңгейін бағалайтын ұлттық құрал дайындалып жатқанын жазған едік.