Ол маған дейін қабылданған шешімдер болатын – Ғани Бейсембаев аудит қорытындысына пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың сынына жауап берді.

- Палата төрағасы Әлихан Смайылов соңғы 5 жылда оқулықтарды қайталап шығаруға 16 млрд теңге негізсіз бөлінгенін айтты. Негізсіз бөлінуге білім беру саясатының жиі өзгеретіні себеп болған деп отыр. Осы аталған 16 млрд теңгенің қанша бөлігін сіз министр ретінде бөлгіздіңіз? - деп сұрады журналист.
Министр келешекте ондай негізсіз ақша бөлу болмайтынына сендірді.
- Жыл сайын балалардың саны өсуіне байланысты оқулықтарды қайтадан шығару қажеттілігі туындап тұрады. Екіншіден, бастапқы кезеңде оқулықтардағы олқылықтардың орнын толтыруға байланысты үлкен мәселе көтерілгенін білесіздер. Кейбір оқулықтар осындай олқылықтарға байланысты қайтадан басылғаны белгілі. Соңғы кезде оқулық шығарумен байланысты бұйрықтарға өзгеріс енгізілді. Бұдан былай оқулықтағы қателікті баспа жіберген болса, қайта басып шығару шығындары сол баспаның мойнына жүктеледі. Соңғы жылдары бірер баспа қателік кеткен оқулықтарды өз есебінен шығарып берді. Осы қатаң талап әрі қарай да баспаларға қойыла береді, - деді Ғани Бейсембаев.
Ведомство басшысы аудит анықтаған 16 млрд теңгенің мәселесіне екіұшты жауап берді.
- Бұл жерде кезінде жіберілген өрескел қателіктерге байланысты жасалған шешім болатын. Ол енді маған дейін қабылданған шешімдер. 16 млрд теңгенің қаншасы қалай бөлінгені туралы ақпарат жоқ, - деді министр.
Еске салсақ, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында орта білім беру саясатындағы тұрақсыздық бюджетке қандай салмақ түсіріп жатқанын айтқан болатын.