Ол өз елін сағынып жүр - Лукашенко Қырғызстанның бұрынғы президенті туралы
АСТАНА. KAZINFORM – Беларусь президенті Александр Лукашенко тілшілердің сұрақтарына жауап бере отырып, Қырғызстанның бұрынғы президенті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды БелТА.
Беларусь басшысының айтуынша, Құрманбек Бакиев «қатты қиналып жатыр және өз елін сағынып жүр».
Лукашенко Беларусь пен Қырғызстан арасындағы тамаша қарым-қатынасты атап өтті.
- Ең бастысы, біз Кеңес одағы кезінде арамызда болғанның бәрін сақтап қалдық. Есіңізде ме, біз тіпті сізден ұсақ-түйек заттар – қызылша тұқымдарын сатып алдық. Өйткені біз оны өзімізден ала алмадық. Ауа райы бұрынғыдай болған жоқ. Біз техникамызды осында жеткізуді айтпағанда, тіпті оны да сақтап қалдық. Сіз соңғы бір-екі жылда айтарлықтай байып кеттіңіз. Мен сіздің көп құрылыс салып жатқаныңызды байқадым. Жарайсыздар!, - деді ол.
Президент сонымен қатар Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің Беларусьтегі өмірі туралы баяндады.
- Бакиев те жақсы өмір сүріп жатыр. Қалыпты. Біз оны енді сізге жібермейміз. Мен оған: «Енді сапар болмайды, жеткілікті! Беларусьте тұрыңыз», дедім. Кейде мен оған қонаққа барамын. Сондықтан біз оны сізге жібермейміз. Бірақ ол қатты қиналады және елін сағынып жүр. Ол тым болмаса, әкесінің қабіріне барғысы келетінін айтады. Қырғыздар өз президентінің әкесінің қабіріне баруына жол бере алмауы өте өкінішті. Менің ойымша, біз бұл мәселені қазіргі басшылықпен шешеміз, - деді Лукашенко.
Еске сала кетсек, 2010 жылдың сәуірінде Қырғызстан президенті қызметінен отставкаға кету туралы мәлімдеме жасады.
Қ.Бакиевке 2010 жылғы 7-сәуірде болған оқиғада қаза тапқан адамдардың өліміне кінәлі деген сырттай айып тағылды. Осы орайда Беларусьтен саяси баспана алған Құрманбек Бакиев отанына қайтып бармайтындығын айтқан.
Беларус Республикасының президенті Александр Лукашенко Қ.Бакиевті Қырғызстанның жаңа билігіне тапсырмайтындығын мәлімдеген. Оның айтуынша, экстрадациялауға шақыру елдің уақытша үкіметі үшін «нәтижесіз және кемсіту».
«Қырғызстанның президенті Беларус мемлекеті мен оның президентінің қамқорлығында», - деді А.Лукашенко.
2023 жылы Бішкекте Құрманбек Бакиевтің елге оралуына қарсы митинг өтті.