Олигополиядан зардап шеккендердің шығынын өтеуге арналған тиімді механизм жоқ – агенттік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі олигополиядан зардап шеккен адамдардың шығынын өтеудің жаңа жолын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолданыстағы құқықтық жүйенің басты кемшіліктерінің бірі - белгілі бір компанияның немесе топтың (олигополиялардың) әрекеттерінен зардап шеккен адамдардың кең ауқымына шығындарды өтеудің тиімді тетіктерінің болмауы. Тек соңғы 1,5 жылда монополияға қарсы орган 5 млрд теңгеден астам сомаға монополиялық кірісті бюджетке қайтарды (әкімшілік айыппұлдарда есептемегенде). Сонымен қатар, қазіргі уақытта соттарда жалпы сомасы 13 млрд теңгеден асатын заңсыз табыс бойынша істер қаралып жатыр», - делінген Ашық НҚА порталында жариялаған консультативтік құжатта.

Азаматтық заңнамаға сәйкес, егер қандай да бір азаматқа олигополиядан залал келген болса, онда ол өз бетінше арыз беріп, шығынды өтеуді талап етуі тиіс.

Ал, жекеленген адамдардың шағымдары бойынша істер көбіне керісінше айыпталушы компаниялардың пайдасына шешіліп жатады.

Жалпы, бір кәсіпорын бағаны заңсыз көтеру немесе өзге де әрекеттер есебінен бір емес, бірнеше мыңдаған адамға залал келтіруі мүмкін.

Сондықтан агенттік осындай жағдайға тап болғандарға топтасып, арыз-талап қою мүмкіндігін ұсынған жөн деп санайды.

«Оның нәтижесінде ұжымдық істер институты дауды шешуге кететін уақытты, сот қаражатын үнемдейді, жалпы алғанда істерді қараудың тиімділігі мен біркелкілігін арттырады», - деп түсіндірме берілген.

Соңғы жаңалықтар