Олимпиада-2026 алтын медальдарының құны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы Қысқы Олимпиялық және Паралимпиялық ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне табысталатын медальдар Италияда дайындалып жатыр, деп хабарлайды Olympic-2026 ұйымдастыру комитеті.
Наградаларды дайындаумен Италияның мемлекеттік монета сарайы – Istituto Poligrafico e Zecca dello Stato айналысады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Миланда өтетін Олимпиада-2026 жүлделерінің өзіндік құны Париждегі 2024 жылғы Жазғы Олимпиада медальдарынан екі есе қымбат болмақ.
2026 жылғы медальдар екі бөліктен тұрады: бұл спортшының өз жолындағы шыңға жетуін және оған қолдау көрсеткендердің еңбегін бейнелейді. Медальдар IPZS кәсіпорнының өндірістік қалдықтарынан қайта өңделген металдан жасалса да, олардың құны арзан емес. Қазіргі бағам бойынша бір алтын медальдің өзіндік құны 800 доллардан (687 еуро) асады.

1912 жылға дейін алтын медальдар толықтай таза алтыннан дайындалатын. Кейіннен Халықаралық Олимпиада комитетінің регламентіне сәйкес, медальдар күмістен құйылып, оның беті 6 грамм таза алтынмен қапталатын болды.
Күміс медальдар негізінен стерлингтік күмістен дайындалады. Бұл қоспаға әдетте мыс қосылып, металдың беріктігі мен жылтырлығын сақтауға мүмкіндік береді. Ал Париж-2024 ойындарынан бастап қола медальдар таза мыстан жасалуда.
Барлығы Олимпиадаға 1 146 медаль, Паралимпиадаға 137 медаль әзірленген.
Айта кетейік, Қазақстанның қазіргі таңда Милан-2026 Қысқы Олимпиадасына ресми түрде екі жолдамасы бар, екеуі де мәнерлеп сырғанаудан. Сондай-ақ шорт-тректен тағы төрт спортшының квотасы расталуды күтуде. 2025 жылдың желтоқсан айының басындағы мәлімет бойынша, 34 қазақстандық спортшы Милан Олимпиадасына ықтимал қатысушылар тізімінде тұр.
Еске салайық, 7 желтоқсан күні Қысқы Олимпиада алауының тарихи сапары басталды.