Олимпиада жеңімпаздары Алматыға оралды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Париж Олимпиадасына қатысқан Ұлттық құрама спортшыларының бір легі елге оралды. Оларды алматылықтар ыстық ықыласпен қарсы алды.

Алматының халықаралық әуежайына ел тарихындағы спорттық гимнастикадан алғашқы жүлдені жеңіп алған Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов, төртжылдықтың басты додасының алғашқы күні жүлделі болған Олимпиаданың қола жүлдегерлері Ислам Сатпаев пен Александра Ле, сондай-ақ нысана көздеу және спорттық гимнастикадан Ұлттық құрама мүшелері мен жаттықтырушылары бар әуе кемесі қонды.

Франция астанасында ел намысын абыроймен қорғап, көк туды көкте желбіреткен спортшыларды жақындары мен жанкүйерлері, достары мен БАҚ өкілдері салтанатты түрде күтіп алды.
27 шілде күні пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сатпаев пен Александра Ле Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды.
Ал 3 тамыз күні Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасында спорттық гимнастиканың ат снарядындағы жаттығуда күміс жүлдеге қол жеткізді.
Еске салайық, 5 тамыз күні Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев бастаған олимпиадашыларды алматылықтар әуежайдан қарсы алды.