Олимпиада жолдамасы, онлайн оқу, ескек есу спортындағы проблемалар - әлем чемпионы Мария Бровкованың бапкерімен сұхбат

ОРАЛ. ҚазАқпарат – 2022 жылы және биыл 18 жасқа дейінгілер арасында бір адамдық каноэда әлем чемпионы атанған Мария Бровкова бұл табысқа қалай қол жеткізді? Алдағы арман-мақсаттары қандай, Париж олимпиадасына бара ала ма, міне, осы туралы спортшының анасы әрі жеке бапкері Елена Бровкова ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.
None
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

- Елена Евгеньевна, қызыңыз Мария бірнеше жылдан бері халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп келеді. Әсіресе, өткен жылы Мажарстанның Сегеда қаласында бір адамдық каноэда 1 мың метр қашықтықта чемпион атанды. Іле-шала 500 метрден қола жүлдені жеңіп алды. Ал биыл табысын үстемелеп, Италияның Ауронзо қаласында С-1 санатында 1 мың метрден алтын, 500 метрден күміс, 200 метрден қола жүлдеге ие болды. Осы жеңістердің сыры қандай, Марияның спорттағы қадамы қалай басталып еді?

-Мария – біздің отбасымыздағы екінші баламыз. Апасы Анастасия 27 жаста, спорт мектебінде ескек есу спортынан бапкер болып жұмыс істейді. Мария кішкентайынан спорт жолына түсті. Шаңғымен жарысты, қысқы президенттік көпсайыстан спорт шеберлігіне үміткер. Қайыққа 6-7 жасында отырды. Әуелі байдаркада, сосын 12 жасынан бастап каноэда жаттығып келеді. Жетінші сыныпта облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне түсті. Соңғы екі жылда Қазақстан жастар құрамасымен етене жаттықты, сондықтан мектепте сирек болды. Тек емтихандар тапсыруға келетін. Дегенмен мемлекеттік емтихандарын сәтті тапсырып, ҰБТ-дан мүдірмей өтті. Қазір облыс әкімінің грантымен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығында оқып жатыр. Спорттағы жетістіктерінің барлығы да үзбей тер төгудің арқасы деп ойлаймын.


- Сіздер спорттық отбасы болдыңыз ғой сонда?

- Қысқаша айтсам, біз үшеуміз ғана спорттамыз. Жұбайым Сергей Николаевич Бровков – қарапайым еңбеккер, автокран жүргізушісі.


- Өзіңіз бапкерлікпен қашаннан бері айналысып келесіз, шәкірттеріңіз бар шығар?

- Әрине, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін бітірген бойда 1998 жылдан бері жаттығу жұмысындамын. Биыл ширек ғасыр толды. Осы уақыт ішінде ең негізгілерін айтсам, Азамат Рабаев, Владислав Глазков, Наталья Донскова Азия чемпионы атанды. Бәрі де Қазақстан спорт шеберінің нормативін орындады.


- Орал қаласында ескек есу спортының бай тарихы бар, қазіргі кезде оның деңгейі қандай деп ойлайсыз, жуырда әлем чемпионатынан жеңіспен оралғаннан кейін облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы қабылдап, құрмет көрсеткен кезде Марияның өзі де бірқатар мәселені айтып еді ғой?


- Иә, ескек есу спортына байланысты өңірде барлық мәселе қаржыландыруға келіп тіреледі. Оралда табиғи жағдай жақсы, тек алты ай жылы уақытта ғана жаттыға аламыз. Қыс кезінде дайындықты үзбес үшін жылы өңірлерге баруға тура келеді, бұған біршама қаржы керек. Егер қыста әзірленбесек, басқаларды қуып жету қиынға соғады. Бізде жаңадан келіп жүргендерге қайық пен құрал-жабдық бар. Ал жоғары сыныпты қайықтар өте аз, алтау ғана. Мария бітірген мектеп-интернаттың өзінде қайықтың жабдықтары, ескегі және ілесіп жүретін катерлері жоқ. Бірде-бір мектепте жаттығуды өткізуге бензин бөлінбейді.


- Батыс Қазақстан облысы тарихында ескек есу спортынан алғаш рет Александр Акунишниковтің 1986 жылы әлем чемпионы атанғаны белгілі. Содан кейін Андрей Ергучев студенттер арасында үздік атанды. Енді, міне, үшінші болып Мария Бровкова чемпиондық атаққа қол жеткізіп отыр. Басқа кімдерден үміт күтесіз?

- Әзірге ешкімді бөліп айта алмаймын. Бірақ 13-14 жастағылар арасында жақсы балалар өсіп келеді. Бәлкім, солардың қатарынан шығып қалар. Кезінде мықты спортшы болып, Ақ Жайықтың атын шығарған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Акунишников қазір де бапкерлік қызметінен қол үзген емес. Андрей Ергучев Қазақстан құрамасы сапында жаттығуда. Солардың ізін жалғастыратын жас спортшылар қаулап шықса, керемет болар еді.


- Әр спортшының да арманы – олимпиадаға бару ғой. Осы орайда биыл 18-ге толған Марияның Париж жолдамасын жеңіп алатындай мүмкіндігі бар ма?

- Ересектер арасында әлем чемпионаты 22-27 тамызда Германияның Дуйсбург қаласында өтеді. Қазір Мария ұлттық құрамамен бірге Қырғызстандағы Ыстықкөлде дайындалуда. Содан кейін Еуропаға аттанады, мен тіке біріншілікке барамын. Мария, осы жарыста лицензия жеңіп алғысы келеді. Ол өте қиын, сонысымен бағалы. Егер әлем чемпионатында сәті түспесе, алдағы жылы көктемде лицензиялық Азия біріншілігі өтеді, сонда да бақ сынайды. Мария қатысатын тағы бір дода, биыл қыркүйекте Қытайда Азия ойындарында ел намысын абыроймен қорғамаққа бел буып отыр.


- Марияға спорт пен оқуды ұштастыру қиын емес пе?

- Әрине, оңай емес. Тек онлайн түрде білім алады. Тапсырманы орындап, кері жібереді. Оралға келген кезде сынақтарды тапсырады, әзірге бәрі ойдағыдай.


- Марияға алдағы жарыстарда тек сәттілік тілейміз. Еңбектеріңіз жана берсін!

***

Еске сала кетейік, былтыр қазақстандық спортшының каноэдан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық жас каноэшы сол әлем чемпионатында екінші медаль жеңіп алды.

Ал биылғы біріншілікте қазақстандық ескекші Мария Бровкова тағы да әлем чемпионы атанды.

Ескекші Мария Бровкова әлем чемпионатында бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.


Соңғы жаңалықтар