Олимпиадаға іріктеу турнирі: Ұлжан Сәрсенбек АҚШ боксшысынан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде бүгін, 28 мамырда Ұлжан Сәрсенбек (54 келі) жарыс жолынан шығып қалды.
Қазақстандық боксшы АҚШ спортшысы Шэра Мэй Патрициомен шаршы алаңға шыққан еді. Қарсыласы – АҚШ-тың 11 дүркін чемпионы атанған тәжірибелі боксшы. Жекпе-жек барысында қос қарсылас тартысты бәсеке өткізді. Бір-біріне соққы жұмсап, ұпай қорын молайтуға тырысты. Төрешілер шешімімен жеңіс америкалық боксшыға берілді.
Ұлжан Сәрсенбек – Түркістан облысы тумасы, 22 жаста, жастар арасында әлем және Азия чемпионы.
Лицензиялық турнирдегі алғашқы жекпе-жегінде Назым Қызайбай (50 келі), Римма Волосенко (60 келі), Валентина Хальзова (75 келі) жеңіске жетті.
Ал Мұхамедсабыр Базарбайұлы екінші жекпе-жегінде жеңіп, 1/8 финалға өтті.
Ел құрамасынан Наталья Богданова (66 келі) 29 мамырда алғашқы жекпе-жегін өткізеді.