Олжас Бектенов Бухгалтерлер одағының ұсынысына қолдау білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Бухгалтерлер одағының бизнесті тегін оқыту және кеңес беру бағдарламасын әзірлеу ұсынысына қолдау білдірді.
— Бүгін Бухгалтерлер одағы бизнесті тегін оқыту және кеңес беру бағдарламасын іске қосу жөнінде игі бастама көтерді. Мемлекеттік органдарға бұл процесті толық қолдап, жәрдем көрсетуді тапсырамын. Жұмыс барлық жерде, тіпті ауыл-аймақтарға дейін жүргізілуге тиіс. Бухгалтерлер одағы, салалық қауымдастықтар мен ұйымдар мемлекеттік кірістер органдары мен әкімдіктердің қажетті инфрақұрылымын пайдалана алады, — деді Олжас Бектенов.
Осы орайда Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне әсіресе, мемлекеттік кірістер органдарына жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертуі керектігін ескертті.
— Бұзушылықтардың профилактикасы мен алдын ала ескертуге баса назар аудару керек. Фискалдық органдар салық төлеушілер үшін серіктеске айналуы қажет. Біз бәріміз бірге бизнес үшін салық төлеуден жалтарғаннан гөрі, таза жұмыс істеп, оны төлеу тиімді болатындай жағдай жасаймыз. Бұл бағытта кешенді әрі үйлесімді жұмыс жүргізілуге тиіс. Біз әрі қарай да цифрлық платформаларды дамытып, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеміз, инклюзивтілікті қолдап, орнықты өсу үшін шағын бизнесті қажетті құралдармен қамтамасыз етеміз, — деді Премьер-министр.
Айта кетейік, Үкімет «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті.