Олжас Бектенов: Қосылған құн салығын көтеру – мәжбүрлі қадам

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында келер жылы қабылданатын Салық кодексі мен ҚҚС көтеруге айтылған сыни пікірлерге жауап берді.

Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Өзбекстанға барады
Фото: ҚР Үкіметі

− Салық кодексінде қосылған құн салығын 16 пайызға дейін көтеру қарастырылғаны рас. Әрине, кез келген салықты арттыру ауыр тиеді. Бірақ бұл - мәжбүрлі қадам. Осы салық реформасы арқылы біз даму бюджетін анағұрлым ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін экономикалық өсім туралы айтылды. Экономикалық өсім тек қана мемлекет инфрақұрылымды жедел қарқынмен дамытқан жағдайда мүмкін болады. Себебі кез келген бизнестің дамуы үшін инфрақұрылым қажет. Ал инфрақұрылымды дамыту үшін даму бюджеті керек, − деп жауап берді Премьер-министр тілші сұрағына.

Премьердің айтуынша, біздегі даму бюджетінің деңгейі сын көтермейтіндей төмен. Ол мемлекетке экономиканың даму қарқынына ілесіп, инфрақұрылымды тез қарқынмен дамытуға толық мүмкіндік бермейді.

− Сондықтан біз 2026 жылы Салық кодексін қабылдау арқылы қосымша бюджеттік кірістер алуды, даму бюджетін шамамен 8 пайызға арттыруды, оны 18 пайызға жеткізуді күтіп отырмыз. Бұл бізге тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, салықтардың өсуі үнемі сынға ұшырайды. Бірақ мұнда бизнестің, мемлекеттің және қоғам мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет. Бенджамин Франклин айтыпты: «Бұл өмірде қашып құтыла алмайтын екі нәрсе бар – өлім мен салық». Өкінішке қарай, бұл - шындық. Біз әрине, алдағы салық өсімі бизнестің белсенділігіне, іскерлік ахуалға теріс әсер етпеуі үшін барынша тырысамыз. Біздің бағалауымызша, теріс ықпал болмайды, − деп толықтырды Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бүгін Үкіметте биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды.

Бұған дейін Премьер-Министр 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді 450 млрд долларға жеткізу туралы Президент тапсырмасын орындау қаншалықты мүмкін екені туралы пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар