Олжас Нұралдинов Мәжіліс депутаты ретінде ант берді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Олжас Нұралдинов депутат ретінде ант берді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, «Ақ жол» партиясының шешімімен ротация арқылы депутат Ержан Бейсенбаевтың өкілеттігі тоқтатылды. Осы орайда О.Нұралдинов Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Мәжіліс депутаты ретінде тіркелді.
– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін, – деді О.Нұралдинов.
Сонымен қатар Олжас Елтайұлы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің құрамына сайланды.
Айта кетейік, 2025 жылғы 27 тамызда ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты О.Е. Нұралдиновты тіркеу туралы» қаулы қабылдады.
- Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі депутатының бос мандаты «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының» мүшесі Олжас Елтайұлы Нұралдиновке берілсін, - делінген қаулыда.
Еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметіне кіріскен Ерсайын Нағаспаев Үкімет үйінде ант қабылдағанын жазған болатынбыз.