Оман: жексенбіде Иран мен АҚШ келіссөзі болмайды
АСТАНА. KAZINFORM - Иран-АҚШ келіссөздеріне делдал болып жүрген Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди жексенбі күні Маскатта өтуі жоспарланған келіссөз өтпейтінін растады, деп хабарлайды ВВС.

- Дипломатия мен диалог ұзақ уақытқа созылған бейбітшіліктің жалғыз жолы болып қала береді, - деп атап өтті министр Х желісіндегі жазбасында.
Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Израильмен әскери қақтығыс жағдайында АҚШ-пен келіссөздерді ақтау мүмкін емес деп мәлімдеді.
АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі BBC тілшісі Том Бейтманға Иран-АҚШ жанама келіссөздерінің кезекті раундының тоқтатылуы туралы түсініктеме берді.
- Жексенбі күні кездесу болмайтынына қарамастан біз келіссөздерге берікпіз және ирандықтар жақын арада келіссөз үстеліне оралады деп үміттенеміз, - деді ол.
Еске сала кетейік, жұма, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға жаппай соққы берді. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге қарай жүзден астам дрон ұшырды. Иран Натанзедегі ядролық қондырғының зақымданғанын растады, бірақ радиацияның таралуын жоққа шығарды.
Иран Израильге зымыран соққыларының жаңа толқынын бастады. Израильдің Төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, ирандық зымыран атысынан екі адам қаза тапты – шамамен 60 жастағы әйел және 45 жастағы ер адам. Тағы 19 адам жарақат алды, деп хабарлады Израильдің жедел жәрдем қызметі.
Иранның БҰҰ-дағы өкілі Израильдің әуе шабуылы салдарынан 78 адамның қаза тапқанын айтқан болатын. Иранда 320-дан астам адам жарақат алды.
Бұған дейін Иран жоғары шенді әскери қолбасшылар мен жетекші ғалымдардың Израиль соққысы салдарынан қаза тапқанын растады.
Иран Израиль шабуылынан кейін Ормуз бұғазын жабайын деп жатыр.