Он өңірдегі ескі, апатты жағдайда тұрған мектептер жаңартылады
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің 10 өңіріндегі апатты жағдайда тұрған немесе ескі мектептер толықтай жаңартылады. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкасында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

– Үш ауысымды мектеп мәселесі 20 өңірдің тек бесеуінде ғана. Бұл мегаполистер – Астана, Алматы, Шымкент және сол қалалардың жанында орналасқан Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстары. Өйткені, туу процесі мен көші-қон нәтижесінде адам саны көбейіп отыр, - деді Ғани Бейсембаев.
Министр «Жайлы мектептер» негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде салынып жатқанын тілге тиек етті. Ал Солтүстік Қазақстан өңірінде мектеп тапшылығы немесе үш ауысымды мектеп мәселесі қатты ушығып тұрған жоқ. Дегенмен, бұл өңірде 4 «Жайлы мектеп» құрылысы аяқталуға жақын.
– Мектеп салуға қажеттілік демографиялық өсім жоғары және адам көп көшіп келетін өңірлерде ғана болатын мәселе. Бірақ, бұл солтүстік немесе демографиясы қалыпты жағдайдағы өңірлерде ешқандай өзгеріс болмайды деген сөз емес. 1 300 мектепті қайта жаңарту ұлттық жобасы аясында қалған 10 өңірдегі мектептер апатты не ескі болған жағдайда жаңартылады. Оларды да заманауи талапқа сәйкестендіру бағытында жұмыстар қолға алынып жатыр, - деді Оқу-ағарту министрі.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі еліміздегі барлық білім ордасы заманауи «Келешек мектептеріне» айналатынын айтқан еді. Сондай-ақ Ғани Бейсембаев Қазақстандағы мектептер бір ауысымды оқыту жүйесіне қадам басқанын тілге тиек етті.