Оңдасын Оразалин COVID-19-ға шалдыққан науқастардың жағдайын білді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастардың жағдайын біліп, аурухананың материалдық-техникалық базасын қарап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Ақтөбедегі фтизиопульмонологиялық орталық 500 төсек-орынға есептелген. Соның ішінде 75 реанимациялық орын бар. Емдеу мекемесіне барған өңір басшысы қабылдау бөлмесі, реанимациялық, рентген-диагностикалық бөлімдерді қарап шықты.

Фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтуынша, науқастар түскен кезде ПТР тест тапсырып, нәтижесі бір сағаттың ішінде шығарылады. Сондай-ақ, қабылдау бөлмесінде рентген зерттеуі жасалады. Бұл диагноз қойып, соған сай ем тағайындауға ыңғайлы. Мекеме толығымен жоғары білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз етілген. Орталықтың 11 қызметкері қосымша инфекционист, 11 қызметкері пульмонолог мамандықтарына оқытылды. Жұқпалы аурулар бөлімінің жұмысына ангиохирург, кардиолог, эндокринолог, невролог пен хирург секілді барлығы 24​ маман тартылған. Мұнда дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жиналып, материалдық-техниканы нығайту шаралары қабылданған. Өкпені жасанды желдететін 75 аппарат, биохимиялық гемотологиялық талдағыш, рентген-диагностикалық қондырғы, компьютерлік томограф, функционалды кереуеттер бар. Реанимация бөліміне де жөндеу жүргізіліп, қуаты минутына 600 л болатын оттекті-концентратты станса орнатылған. Бұл мақсатқа былтыр бюджеттен 618 млн теңге бөлінді.

Науқастарға кіріп шыққан Оңдасын Оразалин ақтөбеліктердің хал-жағдайларын сұрап, тез сауығып кетуін тіледі.

«Өңірдің эпидемиологиялық жағдайы айтарлықтай күрделі. Әрине, біз тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Ең бастысы – пандемияның бірінші толқынындағы қателіктерді қайталамауымыз керек. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға аз қаржы аударылған жоқ. Дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Мен сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен жанқиярлықтарыңызға шүбә келтірмеймін. Өкінішке қарай бәрі де өңір тұрғындарына байланысты. Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы ақтөбеліктердің қауіпсіздік шараларын сақтамауының салдарынан болып отыр. Көп нәрсе бізге байланысты», - деп атап өтті облыс әкімі.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтің айтуынша, 41 медициналық мекеме, соның ішінде 15 инфекциялық стационар, 21 ​алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, резервте бес стационар бар.

Медициналық мекемелерде 3063 төсек-орын дайын. Қазіргі таңда инфекциялық стационарларда 388 адам ем алып жатыр. 36 адам карантин стационарында. Ақтөбе, Хромтау, Қандыағаш пен Шалқар қалаларында 19 томография кабинеті жұмыс істейді, 10 зертханада ПТР диагностикасы жасалады. Олардың қуаты тәулігіне 5380 талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Вакцина егу басталғалы бері облысқа 17800 доза әкелініп, 7460 ақтөбелік егілді.


Соңғы жаңалықтар