Өндірісте бар кінәні жұмысшыға жабуға жол берілмейді – Аймағамбетов

АСТАНА. KAZINFORM — Өндірісте зардап шеккен жұмысшыны қорғаудың жаңа тетігі енгізілді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жұмысшылардың құқықтарын қорғауға арналған заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

Асхат Аймағамбетов
Фото: Мәжіліс

- Бар кінәні жұмысшыға жабу проблемасы кездесіп жатады. Мәселе неде? Ашығын айту керек, оқиға болса, комиссия көбіне бар кінәні жұмысшының өзіне аудара салуға тырысады. «Өзі кінәлі, қауіпсіздік техникасын сақтамады» деп, кінәнің 50%, тіпті 70 пайызын жұмысшының өзіне жаба салады. Осының салдарынан денсаулығынан айырылған жұмысшы тиесілі өтемақысынан да қағылады. Сондықтан біз мынандай ұсыныс бердік: қызметкердің «өрескел абайсыздығы» анықталған күннің өзінде, оның жауапкершілігін 25 пайыздан асырылмайды, - деді А. Аймағамбетов.

Оның пайымынша, бұл норма зардап шеккен қызметкерді қорғау үшін өте маңызды. Сонымен қатар, бұл норма жұмыс берушіні жауапкершіліктен қашпай, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға ынталандырады.

Бұған дейін хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында көптеген жұмыс берушілер әлеуметтік кепілдіктерден жалтарып жүргені айтылды.

 

Соңғы жаңалықтар