Өндірістік нысандарда 15 апат болып, 9 адам қаза тапқан

Жарақат
Фото: gov.kz

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі сейсмикалық және техногенді төтенше жағдайлардың алдын алуға ерекше назар аударуда. Бұл туралы министр Сырым Шәріпханов айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда республика бойынша 65 тұрғын үй, 121 мектеп, 90 денсаулық сақтау нысаны, 40 мектепке дейінгі мекеме және 33 қоғамдық-өндірістік ғимарат сейсмикалық тұрғыда күшейтілді.

«2020 жылдан бастап Алматы қаласында қатты жер сілкінісі туралы халықты ерте хабардар етудің автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша кезең-кезеңмен жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы жүйенің бірінші кезеңінде 11 станция орнату жұмыстары аяқталды. Биыл жыл соңына дейін тағы 17 станцияның құрылысын аяқтау жоспарлануда», - деді С. Шәріпханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, кең ауқымды кешенді шараларды іске асыру үшін сейсмология саласында кешенді жоспар әзірлеуге бастама жасалған, оны Мемлекет басшысы қолдады. Бұл сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көрсетілген салаларға цифрлық технологияларды енгізу, ғылыми-зерттеу орталығымен авариялық-құтқару құралымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі іс-шараларды кезең-кезеңімен іске асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, техногендік төтенше жағдайлардың алдын алу да маңызды бағыт болып отыр. Қазақстанда, өнеркәсіптің жоғары қарқынының дамуымен елдің жекелеген өңірлерінде апаттар қаупі жоғары деңгейде қалып отыр.

«Биыл қауіпті өндірістік нысандарда 15 апат тіркелді, 27 адам зардап шекті, 9 адам қаза тапты. Негізгі себептер – өнеркәсіптік қауіпсіздіктің бұзылуы, пайдаланылатын жабдықтың тозуы, өндірістік және еңбек тәртібінің төмендігі», - деді ТЖ министрі.

Айта кетейік, бүгін азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 28 жыл толды. Елімізде 27 мыңнан астам құтқарушы жұмыс істеп жүр.

Соңғы жаңалықтар