Өнеркәсіптегі гендерлік теңдік: әйелдер ойын ережесін қалай өзгертеді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өнеркәсіп пен технология саласындағы әйелдердің халықаралық конгресі өтті. Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Армения және басқа да елдерден келген сарапшылар әйелдердің жоғары технологиялық салалардағы кәсіби әлеуетін дамыту және олардың инновациялық әрі экономикалық белсенділігін ынталандыру бойынша үздік тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақстан өнеркәсібінде әйелдердің үлесі қанша
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігінің ұлттық қауымдастығы құрылғанын атап өтті.
Елімізде 30 жылдан астам уақыт бойы Президент жанында кеңесші орган ретінде ұлттық комиссия жұмыс істейді. Бұл мемлекеттік органдар үшін қажетті индикаторларды анықтап, оларды орындау міндетін жүктейді. Аймақ әкімдеріне де нақты 9 индикатор бекітілген, олардың бірі – әйелдердің қатысу үлесі.
− Бизнес саласына келсек, әйелдер басқаратын кәсіпорындар елімізде ЖІӨ-нің 42%-ын құрайды, ал жалпы бизнес саласында 50% үлеске ие. IT мен нақты ғылымдарды бізге жат деп санайтын стереотип бар. Бірақ шын мәнінде, Қазақстандағы ғалымдардың 60%-ы – әйелдер. IT саласында университеттердегі оқытушылардың 67%-ы да – әйелдер. Бұл саланың алғашқы қадамдары гараждарда, асүйлерде жасалған кезде де IT саласының қозғаушы күші әйелдер болған. Ал сала даму сатысына жеткенде, қаржыландыру мүмкіндігі бар ер азаматтар келе бастады, − дейді Л. Рамазанова.

Оның айтуынша, Қазақстанда өнеркәсіптегі әйелдердің үлесі 18%-ға жетпейді. Бірақ бұл көрсеткіш өзгеретініне және өнеркәсіпте де әйелдердің үлесі гендерлік теңдіктің негізгі көрсеткіші бола алатынына сенім артады.
Үш жыл бұрын әйелдерге тыйым салынған кәсіптер тізімі алынып тасталды, ал бұл мәселені көтеруде ерлер кәсіподақтарының рөлі зор болды.
− Мысалы, мұнай саласындағы Chevron компаниясы бос жұмыс орнына үміткерлер арасында әйел болмаса, байқауды өткізілмеді деп ұйғаратын ережені қабылдады. Яғни, осындай механизмдер жұмыс істейді. Тағы бір мысал – ERG компаниялар тобы тұрақтылық саясатын қабылдады. Бұл саясат экологиямен ғана шектелмейді, жергілікті қауымдастықты тарту, инклюзивтілік және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуді де қамтиды. Демек, компаниялардың өз бағытын өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. Біз индустрияландырудың жаңа дәуіріне аяқ басудамыз. Бұл мүлдем жаңа бағыт және бұл жолға екі аяққа нық тұрып, екі қанатқа сүйене отырып кіруіміз керек, − деді ол.
Өнеркәсіптегі әйелдерді қолдайтын стратегиялық құжат әзірленуі мүмкін
«Ядролық саладағы әйелдер қауымдастығы» қорының тең құрылтайшысы Александра Рябых өнеркәсіп пен технология саласындағы әйелдерді қолдауға арналған стратегиялық құжатты әзірлеу жөніндегі халықаралық бастама туралы айтып берді.
— «Росатом» әйелдер қауымдастығы Ресей Федерациясының 41 аймағы мен 17 елде 3 мыңнан астам әйел мамандарды біріктіреді. Біз ірі өнеркәсіптік бизнес-компаниялар, ғылыми институттар, инновациялық зертханалар және 35-тен астам елдің сараптамалық қауымдастықтарының өкілдерін қоса алғанда, әріптестермен серіктестік орнаттық. «Росатом» әйелдер қауымдастығы екі жыл бұрын өнеркәсіп пен технология саласындағы әйелдерді қолдау және дамыту жөніндегі халықаралық кеңес құру бастамасын көтерді. Кеңес аясында біз 16 елдің мүшелерімен бірге мемлекет, сала және корпоративтік деңгейдегі үздік тәжірибелерді қамтитын стратегиялық құжат әзірлеу сияқты міндетін мойнымызға алдық. Бұл құжат әйелдердің кәсіби әлеуетін ашуға жаңа мүмкіндіктер жасауға, жас мамандар арасында көшбасшылық дағдыларды дамытуға және кадрларды осы салаға тартуға бағытталған. Технологиялардың қарқынды дамуы және елдеріміздің экономикасын нығайту қажеттілігі ұзақ мерзімді перспективада адами капиталды қалыптастыруды талап етеді, — дейді Александра Рябых.
А. Рябых Қазақстанмен де бірлескен жобалар бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқарнын айтты. «Росатом» әйелдер қауымдастығы мен Қазақстанның ядролық қоғамы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің арқасында соңғы екі жылда «Women in STEM» сияқты жобалар жүзеге асырылды. Бұл жобалар студент қыздарды кәсіби бағытқа тартуға және жоғары технологиялық компанияларда табысты мансаптық траекторияларды көрсетуге бағытталған.
— Бұл жоба былтыр бейінді ЖОО базасында табысты жүзеге асырылды. Биыл біз әйелдер-жас мамандар арасында көшбасшылық дағдыларды дамытуға бағытталған бірлескен жобаны ілгерілету қажеттігіне көз жеткіздік. Мұндай жобалар олардың мансаптық өсуін ынталандырады, себебі әйелдердің жетекші позицияларда үлесін арттыру мәселесі тек технологиялық салада ғана емес, басқа өнеркәсіп салаларында да өзекті болып отыр, — деп толықтырды Александра Рябых.

Әйелдердің күш-жігері дағдарыстан шығуға көмектеседі
Қырғызстандағы «Ыйман Нуру» парламенттік фракциясының көшбасшысы Динара Әшімова елдегі гендерлік теңдік пен әйелдердің саяси ілгерілеуіндегі жетістіктер туралы айтып берді.
— Қырғызстан заңнамалық тұрғыдан, гендерлік теңдік пен әйелдердің өзін барлық салаларда жүзеге асыруына мүмкіндік беретін нормаларды орнату тұрғысынан Орталық Азиядағы көшбасшы ел саналады. Мысалы, біз — былтыр Орталық Азия мен Шығыс Еуропада жұмыс орнында қысым көрсетуге қарсы күрес туралы конвенцияны ратификациялаған жалғыз елміз. Бұл нормалар біздің еңбек кодексімізге енгізілді. Бұл мемлекеттік қызметте де, жекеменшік секторда да әйелдердің зорлық-зомбылық пен қысымнан қорғалуын қамтамасыз етеді, — деп атап өтті ол.
Д. Әшімова биыл тамыз айында оның бастамасымен ұсынылған заң жобасына Қырғызстан Президенті қол қойғанын айтты. Бұл жоба тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған 12 заңнамалық актіні, кодекстер мен заңдарды қамтиды.
— Біз заңдарды айтарлықтай қатайттық. Сондай-ақ кодекстерге моральдық және экономикалық зорлық-зомбылық сияқты ұғымдарды енгіздік, бұл әсіресе әйелдер үшін маңызды. Енді әйелдерге жұмыс істеу, оқу және өздері таңдаған салада дамуға құқықтарын шектеуге әрекеттенгендерден қорғануға мүмкіндік беріледі. Біз көптеген әйелдеріміздің жұмыс істей алмайтынын, өйткені отбасындағы күйеуі немесе әкесі оларға тыйым салатынын білеміз. Бұл заң жобасы, әсіресе жастар тарапынан қолдау тапты, өйткені ең алдымен заңнамалық кепілдіктер жасау қажет, — деп түсіндірді ол.
Қырғызстандық спикер әсіресе дағдарыс жағдайында, әйелдердің өнеркәсіп пен экономикадағы рөлінің маңыздылығына тоқталды.
— Қазақстандағыдай, біздің әйелдердің де әлеуеті 90-жылдардағы экономикалық дағдарыстан шығуға көмектесті. Бұл дағдарыстық кезең тұтас әлдемде қайталанып жатыр деп ойлаймын. Жақында мен COP-29 саммитіне қатыстым. Біз Қазақстанның ірі су тасқындарымен, ал Қырғызстанның көптеген төтенше жағдайлармен бетпе-бет келгенін көріп отырмыз. Біздің таулы экожүйелеріміз өте осал, бұл үлкен апаттарға әкелуі мүмкін. Қазір біз, әйелдер, тез арада қайта бейімделіп, осы салаларда жұмыс істей бастауымыз керек. Бұл өте маңызды. Әйелдерде бейбітшілік орнататын қасиет бар, егер біз қазір барлық мүмкіндіктерімізді іске қоспасақ, кейін кеш болады, — деп қосты Д. Әшімова.

Қырғыз Республикасының Әйелдер конгресінің президенті Замира Акбагышева әйелдердің өнеркәсіп пен жаңа технологияларға қатысуының маңызды екенін айтуда және Қырғызстан экономика мен саясатта гендерлік теңдікке қол жеткізу бағытында белсенді жұмыс жасап жатқанын мәлімдеді.
— Қазіргі уақытта біз еліміздің кадрлық резервін гендерлік теңдік бағдарламасына сай ету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Біз білікті әйелдерді іздестіріп, әкімдіктерде, министрліктерде, ведомстволарда және құқық қорғау органдарында жетекші лауазымдардың 30%-ын әйелдер иеленуі үшін күш салудамыз. Алайда заңнамалық тұрғыдан акционерлік қоғамдарда бұл көрсеткішті қамтамасыз ете алмадық. Қазір біз жеке секторда да гендерлік теңгерімді қамтамасыз ететін заң жобасын әзірлеудеміз, — деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, Қырғызстанда 7 миллионнан астам халық тұрады, оның 51 пайызы – әйелдер. Шағын және орта бизнес саласында әйелдердің үлесі 23%-ды құрайды, ал өнеркәсіп саласында – бар болғаны 15%.
Шағын және орта бизнес Қырғызстанда да, басқа да көптеген елдерде экономиканың дамуына өте маңызды рөл атқарады. Қазір Қырғызстанның ЖІӨ-нің 42%-ын әйел-кәсіпкерлер қамтамасыз етіп отыр.
— 2030 жылға дейін гендерлік теңдікке қол жеткізуге бағытталған ұлттық бағдарлама қабылданды. Жақында Президент қол қойған бұл бағдарламада әйелдерді әртүрлі салаларда – өнеркәсіпте, акционерлік қоғамдарда, медицина саласында, білім беру жүйесінде – көшбасшылық лауазымдарға дайындаудың нақты қадамдары қарастырылған. Бізде парламентте 30% квота болуы керек екенін білесіздер. Сондай-ақ министрліктерде, әкімдіктерде, облыс деңгейінде әйелдер үшін квоталар қарастырылған. Бірақ, өкінішке қарай, 30% квотаға әлі жеткен жоқпыз. Қазір парламентте әйелдер үлесі тек 23%-ды құрайды, — деді Қырғызстан Әйелдер конгресінің президенті.