Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында бақылау күшейтілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеу күшейтілді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Ерболат Садырбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Қарағанды облысындағы кәсіпорынға 2,6 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Қарағанды облысының Экология департаменті

Оның айтуынша, 2025 жылы «Азаматтық қорғау туралы» Заңына енгізілген түзетулер өнеркәсіптік қауіпсіздікке жаңа бақылау тәртібін енгізді. Ең басты жаңалық — енді өнеркәсіптік қауіпсіздік ҚР Кәсіпкерлік кодексінің аясынан шығарылады және 2026 жылдан бастап тікелей «Азаматтық қорғау туралы» Заңымен реттеледі.

— Жаңа тәртіп тәуекелге бағдарланған тәсілге негізделген. Жоғары тәуекелге жататын кәсіпорындар мен объектілер жыл сайын тексеріледі. Бұған қауіпті өндірістік объектілер және зауыт белгілеген нормативтік қызмет ету мерзімі өткен қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын объектілер жатады. Ал төмен тәуекелді субъектілер тек үш жылда бір рет тексеріледі. Осылайша, бақылау толық жүргізіледі, бірақ объектінің қауіп деңгейі ескеріледі, — деді Ерболат Садырбаев.

Сонымен қатар, бұрынғыдай тексеру басталғанға 30 күн бұрын хабарлау міндеті алынып тасталды. Енді кәсіпкерлік субъектісіне тек бір жұмыс күні бұрын хабарланады. Бұл бақылау органдарына қауіпті өндірістік объектілердегі жағдайды нақты бағалауға мүмкіндік береді.

Тексерулер өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бекітілген қағидаларға сәйкес жүргізіледі. Жоспарлы тексерулердің нәтижесінде құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жаңа заң кәсіпорындарды қауіпсіздік шараларын жүйелі түрде ұстануға міндеттейді.

Бұған дейін соңғы үш жылда қауіпті өндірістік нысандарда 67 апат тіркелгені туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар