Өңірлік телеарна қала баласын ауылға жіберіп, реалити-шоу ұсынады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -«AQTO'BE» телеарнасы жаңа маусымын ашып, 8 бағдарламаның тұсауын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«AQTO'BE» арнасының жаңа маусымы қызыққа толы болмақ. Бұл туралы арнайы таныстырылым барысында айтылды. Мәселен, жаңа маусымда өз ауылына көмек көрсеткен азаматтардың игі ісін көрсетуге арналған «Туған жерге тағзым», киелі жерлерді көрерменге таныстыру мақсатында «Біздің тарих» бағдарламасы көрсетіледі.
null 

«Арнайы топ ауыл-аймақты аралап, түсірілім жасады. Мәселен, «Бүк-шік» реалити жобасы қос жүргізушінің бәс тігіп, ауылға аттануынан басталады. Кімнің аудан орталығына, қайсысының ауылға баратындығын асық шиыру арқылы анықтайды. Асықтың бүк түскені аудан орталығына, шік түскені ауылға кетеді. Ауданға барған жүргізуші сол өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырады. Көрікті жерлеріне саяхат жасап, өндіріс орындарын аралайды. Ауылға аттанған жігіт сол ауылдың қызу өмірінен хабардар етеді. Шалғайдағы мекеннің күнделікті тірлігіне араласады»,- деді «AQTO'BE» арнасының директоры Ернұр Бурахан.
null 

Сонымен қатар «Елдің баласы», «Еркетай», «Вупи-пай» бағдарламалары мен «Ахтанов 54» ток-шоуы көрерменге жол тартты. Жаңа маусымның ашылуына «Qazaqstan» ұлттық арнасы төрағасының орынбасары Серік Егізбаев қатысып, сәттілік тіледі. Сонымен қатар Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтады.

«Басқа уақытта, басқа заманда өмір сүріп жатырмыз. Өзгеріс, ақпарат көп. Заманға сай жұмыс істеу басты талаптың бірі. «Qazaqstan» телеарнасы өзгеріп, халыққа жаңа жобаларын ұсынды. Ақтөбедегі «AQTO'BE» телеарнасы да биыл жаңа бағдарламалардың тұсаукесерін жасап отыр. Көрерменнің талғамы маңызды. Облыстық телеарна соған сай жұмыс істеп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары халық пен билік арасындағы дәнекер, көпір. Әр мәселені халыққа жеткізу, халықтың мұқтаждығын бізге жеткізу жолында жергілікті телеарна өте жақсы жұмыс істеп жатыр», - деп атап өтті Ербол Нұрғалиев.

Ал көрерменнің негізгі сұранысы мен тілегін қоғам қайраткері Амангелді Айталы жеткізді.

«Ақтөбе ақындарының кітабын жарнамалаған дұрыс. Қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын жарнамалау біз үшін өте қажет, рухани азық. Еліміздің мәдени деңгейін, санасын көтеретін үлкен бағдарламалар іске қосылады деп сенеміз. Ең бастысы, қазақтың еңсесін көтеретін телеарна болсын деген тілегіміз бар»,- деді қоғам қайраткері Амангелді Айталы.
null 

 

 

Соңғы жаңалықтар