13:28, 20 Ақпан 2013 | GMT +5
Өңірлік жалпы өнімнің мөлшері әрбір қала тұрғынына шаққанда 23 мың долларды құрайды - Алматы қаласының әкімі
АЛМАТЫ. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 18 пайызы Алматы қаласының үлесіне тиеді. Бұл туралы бүгін қала әкімінің тұрғындармен есептік кездесуінде айтылды.

«Өңірлік жалпы өнім 5,3 триллион теңге жетті. Оның мөлшері әрбір қала тұрғынына шаққанда 23 мың долларды құрайды. Мұндай жетістік әлемнің кез келген елінде кездесе бермейді. Осындай зор табыстарға ие болуымыз бізге жаңа жігер беріп, қоғам игілігі үшін құлшына жұмыс істеуге жұмылдырады деп ойлаймын», - деді Ахметжан Есімов. Шаһар басшысының айтуынша, қала экономикасының дамуына өнеркәсіп, құрылыс, көлік, байланыс, сауда, қаржы секторы, инвестиция мен шағын және орта бизнестің қарқынды өсімі зор ықпал етуде.