Онкология ересектерге қарағанда балалар арасында ерте анықталады - онкогематолог

Дәметкен Ергаринова
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасында бірер жыл бұрын ғана балалар гематологиясы бөлімі ашылды. Қазір мұнда қан сынамасы, түрлі талдау қорытындысы күмәнді балалар келіп, толық тексеруден өтеді. Тіпті жілік майы алынып, 2-3 күнде қорытындысы шығарылады. Балалар онкологі, гематолог Дәметкен Ергаринова өзі таңдаған мамандық пен оның жауапкершігілігі, өңірдегі балалар онкологиясы мен гематология туралы айтып берді.

- Сіз таңдаған саланың салмағы ауыр. Балалардағы онкологиялық ауруларды анықтау, оны емдеу... 

- Гематология саласында 12 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Алдымен №1 қалалық емханада кеңесші болдым. Ал 2016 жылдан бастап ауруханаға ауысып, гематолог дәрігер болып еңбек еттім. Жаңа бөлім 2023 жылдың наурыз ашылды. Мұнда 15 кереует бар. Бөлімде гематология, онкология ауруына шалдыққан балалар ем қабылдап жатыр. Қатерсіз ісік ауруына шалдыққандарға да ем осында жүргізіледі. Ал қатерлі ісікке қатысты айтар болсам, анықтау, алдын ала диагноз қою жүргізіледі. Егер қатерлі ісік анықталса квота арқылы Астанадағы арнайы орталыққа жіберіледі. Онда біз қойған диагноз расталады немесе жоққа шығарады. Сонымен бірге амбулатриялық қабылдау жүргізіледі. Дүйсенбі-бейсенбі күндері аралығында үш гематолог, онколог-гематолог дәрігер аудан, ауылдан, қаладан жолдамамен жіберген балаларды қарайды.

- Көбіне неше жастағы баладан анықталады бұл дерт?

- Гематология, онкологиялық ауруы бар балалар немесе осы дертке шалдыққан болуы мүмкін деп күдікке іліккендер клиникалық-диагностикалық бөлімде бақылауға алынып, олардың ата-аналарына кеңес беріледі. Мұнда жаңа туған нәрестеден 18 жасқа дейінгі жеткіншектер қабылданады. Аудандық аурухана, емханалардың жолдамасымен келеді, кейде телемедицина арқылы онлайн хабарласамыз. Сонымен бірге санавиациямен тығыз байланыстамыз. Тіпті барып, баланы қарап, тексеріп, кеңес береміз. Егер гематологиялық ауруы бар бала инфекциялық ауруханада жатса, мамандар барып, қарайды. Бұл ауру жас талмағайтын болған соң балалардың жасы да әртүрлі.

- Баланың онкологиялық ауруға шалдыққанын қалай анықтауға болады? Аурудың алғашқы белгілері қандай?

- Онкологиялық ауру жасырын басталады. Апта, айлар өткенде ғана алғашқы белгілері көрінеді. Жиі суық тию, баланың тез шаршауы, әлсіздік байқалып, үнемі ұйықтағысы келіп тұрады. Лимфа түйіндері ұлғайып, іш құрылысы ауырады. Аяғы сырқырап, жиі шағым айтуы мүмкін. Бауыры, талағы ісіп, астан бас тартуы ықтимал, тәбеті болмайды. Тіпті жүрегі айнып, құсады, дене қызуы түспей, бала мазасызданады. Сәл нәрседе аяғы, жамбас сүйегі сынып та кетуі мүмкін. Кейде тыныс алу жолдары ауырып, бронхит, пневмония секілді белгілері арқылы анықталуы мүмкін. Бүйрегі сыр беріп, жиі мұрны қанасы, денесінде көргерген жері көбейсе де қауіпті. Дәл осы ауру түрлері мазаласа тексерілуі тиіс. Қан сынамасында кейінде лейкоцит шамадан тыс көп немесе аз болса, тромбоциттердің өзгеруін көрсетеді. Қан аздық ауруын емдегенмен, нәтиже болмай жататыны осыдан. УЗД арқылы лимфа түйіндердің, бауыр мен талақтың өскенін көре аламыз. Рентген арқылы өкпеде қандай да бір ісіктің бар-жоғын анықтауға болады. Ауылдық амбулатория, аудандық ауруханада, емханада жұмыс істейтін әр дәрігер аурудың осы белгілерін үнемі есте сақтауы керек.

- Облыс орталығында мүмкіндік көп, дәрігерлер де жанымызда. Ал аудан, ауыл балалары қайда қаралады?

- Аудан, ауылда бұл салада маман аз. Білікті мамандар ауылға барғысы да келмейді. Ал жоғары оқу орнын бітірген жас маманда біліктілік, тәжірибе жетпей жатады. Сондықтан олар бізге тікелей хабарласып, ұялы телефон арқылы да кеңес алып отырады. Сонымен бірге арнайы бағдарлама арқылы баланың жағдайы туралы біліп, ем жүргізеді. Ауру белгілеріне қарай кейде қалаға шұғыл шақырамыз немесе жедел жәрдем бригадасымен алдырамыз. Кейде ауылда балаларды қарауға кеңес береміз. Облыс бойынша 15 кереует болса, қалалық балалар ауруханасында гематологияға арналған 4 кереует жасақталған. Біз аптасына 1-2 рет қалалық ауруханаға барып, кеңес береміз. Былтыр гематология бөлімінде 500-ден астам бала ем қабылдады. Сол балалардың 30 пайызынан онкологиялық ауру анықталды. Оның ішінде ақ қан ауруы, қатерлі ісік те бар.

- Туа бітті осы дертке шалдығу мүмкін бе?

- Бәрі ата-анасына байланысты. Кейде тұқымында болса, бала осы дертпен өмірге келеді. Негізі қалалық емханаларда да гематолог жоқ. Тек біздің аурухананың мамандары келісімшарт негізінде жұмыс істеп, көмек көрсетеді. Учаскелік дәрігерлер ауру белгілерін біледі, күдікке іліксе мамандарға жолдама береді. Ауханадағы бөлімде қан сынамасы алынып, КТ, МРТ аппаратқа түсіреді. Сонымен бірге жілік майын алып, тексереміз. Онкологиялық ауру бар немесе жоқ екенін 1-2 күнде анықтап, 3 күнде диагноз қоямыз. Қатерлі ауру анықталса, Астанадағы ауруханаға жібереміз. Былтыр гематология және онкология бойынша орта есеппен 20-ға жуық бала жіберілді. Оның ішінде 3-4 баланың диагнозы расталмады.

- Ересектер мен балалар арасындағы онкологиялық ауру түрлерінің айырмашылығы бар ма?

- Ересектер қарағанда балалар арасындағы қатерлі ісік ерте анықталады. Үлкен кісілер тым кеш келеді, шыдап жүре береді. Ал бала мазасынданса ата-анасы уайымдап, дәрігерге әкеледі. Сонымен бірге қазір жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Олар аурудың емін арнайы дәрігерден іздеп келеді.

- Өзіңіз тексеріліп тұрасыз ба?

- Өзім скринингтен өтемін. Учаскелік дәрігер айтып, шақырады. Адам өзі үшін баруы керек. Біріншіден, өзім медицина қызметкерімін, екіншіден әріптестеріме құрметпен қараймын.

Соңғы жаңалықтар