Онкологиялық көмекке арналған бюджет көлемі соңғы 3 жылда 6 есеге ұлғайған

АСТАНА. KAZINFORM - Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) мен Nazarbayev University Биомедициналық зерттеу орталығының қызметімен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығында
Фото: Үкімет

Президенттің медицинада озық технологияларды қолдану және денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысына назар аударылды. Олжас Бектенов Президент тапсырмасымен салынған Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусының жарақтандырылу жағдайын тексерді, онда науқастарға жоғары технологиялық ем түрлері ұсынылады.

 Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығында
Фото: Үкімет

ҰҒОО – Қазақстандағы радиациялық онкология бойынша көшбасшы орталық. Мұнда жыл сайын 12 мыңға жуық диагностикалық зерттеу мен жедел ота жасау, 4 мың сәулелік және протондық терапия курсы, сондай-ақ 330-ға дейін ағзалар мен сүйек кемігін трансплантациялау сынды ем-шаралар жүзеге асырылады.

Пациенттерге барлық онкологиялық көмек тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ақысыз көрсетіледі. Аталған мақсаттарға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Онкологиялық көмекке арналған бюджет көлемі соңғы 3 жылда 6 есеге ұлғайды, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, заманауи жабдықтармен жарақтандыру шығындары да бар.

Премьер-министрге Ұлттық ғылыми онкология орталығына «АЭХА-ның зәкірлік орталығы» (Anchor Center) мәртебесін алып беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды, оны алған жағдайда орталық бүкіл Орталық Азия аймағы үшін радиациялық онкология және ядролық медицина саласындағы озық тәжірибені дамыту және таратуға арналған тірек алаңына айналмақ.

 Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығы
Фото: Үкімет


Радиациялық технологиялар орталығында обыр ауруын диагностикалауға (cоның ішінде ерте сатысында) және емдеуге арналған радиофармпрепараттар өндірісінің толық циклін игеру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда «18-фтордезоксиглюкоза (18F-FDG)» радиофармпрепаратының өндірісі жолға қойылған. Ол ПЭТ/КТ және елімізде алғаш рет қолданылғалы отырған ПЭТ/МРТ диагностикасы үшін қажет. Таяу уақытта тағы 13 препарат шығару жоспарланып отыр, олардың бір бөлігі алғаш рет синтезделмек. Өндірісі өзімізде болғанының арқасында жылына 12 мыңға дейін зерттеу жұмысын жүргізу мүмкін болып отыр.

Радионуклидтік терапия бөлімшесінде қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеу үшін йод-131 негізіндегі препарат қолданылады. Пациенттер аталған радиофармпрепаратты қабылдағаннан кейін 5-7 күн оқшау жатқызылады. Бөлмелер АЭХА-ның талаптары мен стандарттарына сай жарақтандырылған. Биылғы 5 айда мұнда 80 адам емделді. Жалпы, бөлімше жылына 300-ден астам науқасты қабылдай алады.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың радиофармпрепараттарды пайдалана отырып емделу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін 6 өңірлік орталықты біріктіріп желі құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Сәулемен емдеуге арналған» осындай қосымша палаталар Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында ашылады.

медициналық аппарат
Фото: Үкімет

Медициналық инфрақұрылымды аралау кезінде жасанды интеллект технологияларының енгізілуіне де назар аударылды. Сәулелік және протондық терапияда жасанды интеллектіні қолдану сау тіндерге өте аз әсер ете отырып, жоғары дәлдікпен емдеуге мүмкіндік береді. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта ЖИ технологияларына негізделген EDGE және ETHOS жүйелерін қоса алғанда, Varian желілік үдеткіштері бар 7 радиациялық онкология бункері жұмыс істейді.

Протонды терапия орталығы – Varian компаниясы жасап шығарған ProBeam 360 жүйесімен жарақтандырылған Орталық Азиядағы жалғыз орталық. Мұндай қондырғылар бүгінде әлемнің тек 24 елінде ғана жұмыс істеп тұр. Бұл терапия балаларды ми мен жұлын бойында, көру құрылымдарында және басқа да жерлерде жаңадан ісік пайда болған кезде емдеуге өте оңтайлы. Мұндағы жоғары дәлдікті екі КТ-симуляторы қамтамасыз етеді. Одан бөлек Қазақтанда алғаш рет МРТ-симулятор іске қосылды. Орталық жылына 1 мың адамға дейін емдеуге есептелген, оның ішінде шетелдік пациенттер де бар, бұл еліміздің медициналық туризм саласындағы әлеуетін нығайта түседі.

Гибридті операциялық залдарда дәрігерлер миға, жүрекке және тағы да басқа ағзаларға 350-ден астам жоғары технологиялық операциялар жасайды. Сонымен қатар кадрлардың біліктілігін үнемі арттырып отыру да – маңызды бағыт. ҰҒОО-ның 250-ден астам маманы әлемнің жетекші онкологиялық орталықтарында заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған.

 Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығында
Фото: Үкімет

Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздің барлық өңірлерінен келген онкопациенттерге озық емдеу әдістерінің барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ Қазақстанда ядролық медицинаны одан әрі дамыту үшін қажетті жағдай жасауды тапсырды.

Премьер-министр қазақстандық ғалымдар, оқытушылар мен студенттер үшін ресурстық және оқу алаңына айналған NU-дың жаңа Биомедициналық зерттеу орталығының жарақтандырылу жағдайымен танысты. 5 600 шаршы метрден астам аумақта биомедициналық және клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, геномика, молекулярлық биология, тіндік инженерия, регенеративті және трансляциялық медицина саласындағы зерттеулер үшін платформа бар.

Мұндағы басты ерекшелік – биология және фармакология саласында ғылыми зерттеулер жүргізілетін виварий. Технологиялық жарақтандыру деңгейі және халықаралық биоқауіпсіздік стандарттарын сақтау бойынша бұл нысанның аймақта баламасы жоқ.

NU президенті, профессор Вакар Ахмад қазіргі уақытта зертханалық жануарлармен жұмыс сапасын бағалаудың танымал жаһандық жүйелерінің бірі – AAALAC International аккредитациясын алу бойынша жұмыстар жүріп жатқанын хабарлады. Виварийдің ашылуы қазақстандық ғалымдарға отандық дәрі-дәрмектер өндірісінің желісін ұлғайту үшін зерттеулердің сапалы жаңа деңгейіне өтуге мүмкіндік береді.

Мұнда Премьер-министрдің назарына NU экожүйесінде дамып жатқан бірқатар ғылыми және технологиялық жоба ұсынылды. University Medical Center корпоративтік қорының басқарма төрағасы, доктор Юрий Пя донорлық органдарды адам ағзасына барынша ұқсас жағдайда консервациялауға және ұзақ мерзім тасымалдауға арналған инновациялық ALEM құрылғысын таныстырды. Аталған технологияны енгізу еліміздегі трансплантологияның тиімділігін едәуір арттырмақ.

National Laboratory Astana бас директоры, профессор Дос Сарбасов клиникаға дейінгі сынақтар мен жаңа дәрілік препараттарды әзірлеуге маманданатын Өңірлік фармацевтикалық орталық құру жоспары туралы айтты. Жобада Қазақстанда локализация деңгейі жоғары фармацевтикалық өндірісті дамыту үшін R&D-инфрақұрылымын қалыптастыру көзделген.

Премьер-министр сонымен қатар NU Медицина мектебінің қызметімен, ғалымдарының онкология, шеміршек регенерациясы, сынықтарды роботтандырылған емдеу, фармацевтикалық компоненттерді алу үшін қалдықтарды биологиялық жолмен өңдеу туралы және тағы да басқа зерттеулерімен танысты. Бұдан басқа, оның назарына NU технопаркі резиденттерінің медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыратын медициналық технологияларды әзірлеуге бағытталған жобалары ұсынылды.

Олжас Бектенов ғылыми-зерттеу жұмыстарының қазақстандық медицинаны және фармацевтиканы дамытудағы маңыздылығын атап өтіп, салалық министрліктерге озық отандық әзірлемелерді іс жүзіне асыру үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды.

«Пациенттерге шетелге барудың қажеті жоқ»: Астанадағы онкологиялық орталық аймақ үшін бірегей саналатын технологияларды біріктірді.

Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық радиофармпрепараттардың 13 түрінен тұратын төл өндірісін іске қосты. ҰҒОО Радиациялық технологиялар орталығының басшысы Индира Тілеулесованың айтуынша, бұл Қазақстандағы бір кешеннің базасында ПЭТ-диагностика мен терапияның толық циклін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

ПЭТ-КТ және ПЭТ-МРТ сынды тағы да басқа озық үлгідегі жабдықтарда жұмыс істеу үшін ҰҒОО-да өз мамандарының командасы жасақталды. Олар – медициналық физиктер, радиохимиктер, радиофармацевтер және инженерлер. Бұл елімізде ең заманауи емдеу хаттамаларын енгізуге мүмкіндік береді.

Осылайша, орталық өз қажеттіліктерін толығымен, ал пациенттерін арнайы препараттармен ПЭТ зерттеулерден өтуге жіберетін басқа аймақтардың қажеттіліктерін ішінара жауып отыр.

Одан бөлек, бүгінде көптеген әлемдік медициналық орталықтар тәжірибе алмасу және ғылыми-зерттеу қызметі үшін ҰҒОО-мен тығыз ынтымақтаса бастады.

«Бізде болашақта диагностикалық мақсаттар үшін 13 радиофармпрепарат шығару жоспарланып отыр. Осылайша біз өз қажеттіліктерімізді, сонымен қатар ішінара басқа өңірлердің қажеттіліктерін өтемекпіз. Бұл Президенттің Астанада барлық бірегей әдістемелерді қамтитын осындай орталық құру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр. Біз енді пациенттерімізге шетелге кету үшін ақша іздеп сабылмауына көмектесе аламыз, өйткені біз мұнда кезең-кезеңімен енгізіп жатқан көптеген нәрселер шетелде бар, сол үшін де ол жаққа баруға ұмтылатындар көп. Енді бәрін өзімізде жасайтын боламыз», — деп атап өтті ҰҒОО Радиациялық технологиялар орталығының басшысы Индира Тілеулесова.

Қазақстанда обырды емдеудің жаңа әдісі енгізілді, ол сәуленің кері әсерін 60-70%-ға дейін азайтады

Қазақстанда протон терапиясы қолданыла бастады. Бұл – сәулемен емдеудің ең бір озық әдістерінің бірі. Оның артықшылығы сау тіндерге өте аз әсер ететінінде. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың аға медициналық физигі Алуа Қанатқызының айтуынша, аталған технология стандартты терапияларға қарағанда сау тіндерге сәуленің кері әсерін 60-70%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Дәстүрлі сәулемен емдеу әдісіне қарағанда протондар өз энергиясының барлығына жуығын көзделген тереңдікте жұмсайды, яғни, тікелей ісіктің ішінде таратады. Бұл обыр жасушаларын, оның маңында орналасқан тіндерге тигізбей, жоғары дәлдікпен атқылауға мүмкіндік береді және сонысымен де ең бір тиімді әдіс саналады.

Жаңа емдеу кешені жылына 1 мыңға дейін ем-шара жүргізуге есептелген. Ол асқан дәлдікті қамтамасыз ету үшін жоғары технологиялық жабдықпен жарақтандырылған, оның ішінде 360 градусқа бұрылатын жүйе мен роботты үстел бар.

«Протон терапиясы аурудың барлық кезеңінде жүргізіледі, десе де, енді өсіп келе жатқан ағза болғандықтан балаларды емдеуде, сондай-ақ бұрын алынған сәулелік терапияның қайталануы, яғни, рецидив кезінде қолданған әсіресе тиімді. Өйткені, ағза тіндері радиотолқынға қарсылық танытып, радиорезистентті элементтер бөледі. Ал протондар физикалық қасиетке ие болғандықтан, бұл иммунитетті жеңе алады», — деп атап өтті Алуа Қанатқызы.

Осыған дейін Қазақстанда денсаулық скринингі бағдарламалары жаңартылғаны туралы жаздық. 

 

Соңғы жаңалықтар