Өңірлерде велосипед инфрақұрылымын дамыту мәселесі шешілмей отыр — ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміз бойынша 2 мың шақырымнан астам веложол қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты. 

люди пешеход велосипедист адамдар жаяу жүргінші велосипедші
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Мектептер маңындағы жол инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде полиция қызметкерлері мектептерде жол ережесі бойынша сабақтар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізіп, жас жол инспекторлары отрядтарын белсенді дамытып жатыр.

Биыл тамыз айында Қостанайда ТМД елдерінің мектеп оқушылары арасында халықаралық слёт өтті. Балалардың қатысуымен болған жол апаттары — 6,5, қаза тапқан балалар саны — 20, жарақат алғандар 9 пайызға азайды. Бұл мәселеде Ішкі істер министрлігінің ұстанымы — жолдарда балалар жарақатын «нөлдік көрсеткішке» жеткізу. Сондықтан жұмысты белсенді түрде жалғастырамыз, — деді министр.

Сонымен қатар ол самокат мәселесі заңмен реттелгеніне тоқталды.

— Тротуармен жүруге тыйым салынды. Енді олар жолмен немесе веложолмен жүруі керек, — деді ол.

Министрдің айтуынша, велосипед инфрақұрылымын дамыту мәселесі өңірлерде тиісті деңгейде шешілмей отыр. 

— Ел бойынша ең кемінде 2 мың шақырымнан астам веложол қажет. Бүгінде, іс жүзінде бар-жоғы 937 шақырым ғана. Бұл проблема әсіресе мегаполистерде өзекті. Мысалы, Алматы қаласында 12 мыңнан астам самокат бар. Ал велосипедке арналған жолдар — небәрі 89 шақырым ғана. Жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені шұғыл түрде қолға алуы тиіс, — деді Ержан Сәденов.

Айта кетейік, отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталып жатыр