Оңтүстік Қазақстан 2012 жылы 99,6 пайыздық көрсеткішпен бюджеттік қаражатты игеруде республика бойынша бірінші орынды иеленеді

Жалпы алғанда соңғы төрт жылда облыстың 900-ға жуық елді мекені әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысымен қамтылды. Мәселен, өткен жылы республикада ашылған 114 мектептің үштен бірі (42 мектеп) Оңтүстік Қазақстанға тиесілі. Ал елде салынған 84 денсаулық сақтау нысанның 51-і немесе 61 пайызы аталған облыста орналасқан. «Балапан» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда облыста 884 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Мектепалды біліммен қамтамасыз етілген бүлдіршіндердің саны 24 мыңнан 107 мыңға дейін артты.
2009-2012 жылдар аралығында таза ауыз сумен 217 елді мекен немесе 835 мың адам қамтылды. Облыс су есептегіш құрылғыларды орнату бойынша көш бастап тұр. Табиғи газбен жабдықталған елді мекендердің саны 226 немесе 25,1 пайызды құрады.
Айта кеткен жөн, 2012 жылы облыстың бюджеті 52,7 млрд. теңгеге (16,9 пайыз) өсіп, 363 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде даму бюджеті 80,7 млрд. теңгеге (2011 жылы - 69,3 млрд. теңге) артты. Өткен жылы бюджеттің ірі көлеміне, құрылыс ауқымына қарамастан, бюджеттік қаражаттың игерілуі 99,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Оңтүстік Қазақстан республикада бірінші орынға ие.