Оңтүстік Африка Республикасында болған атыс салдарынан тоғыз адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Африка Республикасының полициясы Йоханнесбургтен 40 шақырым қашықтықта орналасқан Беккерсдале елді мекеніндегі тавернада болған атыстан кейін күдіктілерді іздестіріп жатыр. Қарулы шабуыл салдарынан тоғыз адам қаза тауып, тағы 10 адам жарақат алды, деп хабарлайды BBC.
Полицияның мәліметінше, шамамен он шақты белгісіз адам екі автокөлікпен келіп, ішімдік ішетін орынға жиналған адамдарға оқ жаудырған. Кейін олар көшеде де ретсіз оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Бұл — Оңтүстік Африка Республикасында осы айда тіркелген екінші жаппай атыс оқиғасы.
Желтоқсан айының басында Преторияның батыс бөлігіндегі Солсвилл ауданында орналасқан барда болған атыс кезінде кемінде 11 адам, оның ішінде үш жасар бала қаза тапқан еді.
Оңтүстік Африка Республикасында адам өлтіру деңгейі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады, 100 мың тұрғынға шаққанда 45 адам. Биыл сәуір мен қыркүйек аралығында елде тәулігіне орта есеппен 63 адам қаза тапқан.
Еске салайық, бұған дейін Оңтүстік Африка Республикасы АҚШ президентінің елді 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін G20 саммитіне шақырмайтыны жөніндегі мәлімдемесіне қатаң жауап қатқан болатын. Ел президенті Сирил Рамафоса ОАР-ды «егемен, демократиялық, конституциялық мемлекет» деп атап, өзіне қатысты «қорлауды» қабылдамайтынын мәлімдеді.
26 қарашада АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Оңтүстік Африка үкіметін африканерлер мен еуропалық қоныстанушылардың ұрпақтарына қатысты адам құқықтарының бұзылуы мәселесін шешуден бас тартып отыр деп айыптаған еді.