Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хен президент Юн Сок Ёлға өткен аптада әскери жағдай енгізу арқылы бүлік шығаруға көмектесті деген айыппен cәрсенбіде ресми түрде қамауға алынды. Оған, сондай-ақ көтеріліске қатысушылардың басқаларына қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін Yonhap ақпарат агенттігі жазды.  

Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі қамауға алынды
Фото: X / otgonbayaraas

Бірінші тұтқындау 

Сеул орталық аудандық соты Ким Ён Хенді прокурорлар бүлікке қатысты «негізгі» әрекеттерге қатысты және билікті асыра пайдаланды деп айыптағаннан кейін оны қамауға алу туралы санкция берді. Бұрынғы қорғаныс министрі осы оқиғаларға байланысты ресми түрде қамауға алынған алғашқы тұлға болды.

Ким Ён Хенді қамауға алуды талап еткен прокурорлар оны «президент Юн Сок Ёлмен ұлттық Конституцияны бұзу үшін бүлік ұйымдастырды» деп айыптады. 

Ким Ён Хён Қорғаныс министрі қызметін атқара отырып, Юн Сок Ёлға әскери жағдай жариялауды ұсынып, Ұлттық жиналыс (парламент) мен Ұлттық сайлау комиссиясының штаб-пәтеріне әскери қызметкерлерді орналастыруға бұйрық берді деген күдікке ілінді. 

Бұған қоса, прокурорлар бұрынғы қорғаныс министрі президентпен ақылдаса отырып, Ұлттық жиналыстың өкілеттіктерін конституциялық емес шектеулерді қамтитын әскери жағдай туралы жарлық әзірледі деген күдікке ілінді. 

Хабарланғандай, жауап алу кезінде бұрынғы министр президентке әскери жағдай енгізуді ұсынғанын мойындады, алайда ол өз әрекетінің заңсыз немесе конституцияға қайшы емес екенін айтты. 

Бұрынғы қорғаныс басшысын ресми түрде қамауға алу Юн Сок Ёлға қарсы көтеріліске қатысты айыптарды тергеуді тездетеді деп күтіліп отыр. 

Өзін-өзі өлтіру әрекеті

Агенттіктің хабарлауынша, Ким Ён Хен Сеулдің шығысындағы уақытша ұстау оқшаулағышында өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл әрекеті сәтсіздікке ұшырағаннан кейін бұрынғы қорғаныс министрі күзетілетін камераға ауыстырылды, оның жағдайы тұрақты.
Қатаң жаза

Оңтүстік Корея заңы бойынша, бүлік көшбасшысы деп танылған адам өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ қастандық жасаушылар немесе «негізгі» әрекеттерді жасағандар өлім жазасына кесілуі, өмір бойына немесе кемінде бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл ретте, Yonhap агенттігі атап өткендей, президент заңға сәйкес, бүлік шығарған жағдайларды қоспағанда, қызметте болған кезде қылмыстық қудалаудан иммунитетке ие. 

Бұған дейін Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясы өткен аптада әскери жағдай енгізу әрекетіне қатысты Юн Сок Ёл мен жеті шенеунікті тез арада қамауға алуды талап ететін қарар қабылдады. 

Сондай-ақ Оңтүстік Корея парламенті президент Юн Сок Ёльға қатысты айыптауларды тексеру үшін арнайы прокурор тағайындау туралы заң жобасын қабылдады. 

Бұған дейін Оңтүстік Корея президентіне сапарға шығуға тыйым салынды. Елден шығуға тыйым салу Юн Сок Ёль жариялаған әскери жағдайға байланысты тергеу амалдары үшін қажет болды. 

Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяның прокуратурасы президентке қарсы мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағып отыр. Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі де мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен қамауға алынды. 

Сонымен қатар, Ұлттық жиналыс пленарлық отырыста Президентке импичмент жариялау туралы ұсынысқа дауыс салды. Биліктегі «Халықтық билік» партиясының (ХБП) үш заң шығарушысынан басқасы импичмент туралы ұсынысқа дауыс беруге бойкот жариялады. 

Соңғы жаңалықтар