«Оңтүстік» және «Солтүстік» әскери жабдықтау базасы біріктірілді

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет 2025 жылғы 13 тамыздағы «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің кейбір мәселелері туралы» қаулыны бекітті. 

«Оңтүстік» және «Солтүстік» әскери жабдықтау базасы біріктірілді
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

— Ішкі істер министрлігі «Оңтүстік» әскери және арнайы жабдықтау базасы республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Солтүстік» әскери және арнайы жабдықтау базасы республикалық мемлекеттік мекемесін біріктіру жолымен Ішкі істер министрлігінің әскери және арнайы жабдықтау базасы республикалық мемлекеттік мекемесі болып қайта ұйымдастырылсын, — делінген құжатта.

Ішкі істер министрлігі аталған мекемеге қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылық жасайтын уәкілетті орган болып айқындалды.

Ведомстводан түсіндіргендей, екі база қызметін қайта ұйымдастыру бюджет қаражатын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге «Оңтүстік» әскери және арнайы жабдықтау базасында қысқартылатын штат саны есебінен министрліктің орталық аппараты, Алматы, Шымкент қаласы, Ақмола және Ақтөбе облысындағы полиция департаментіндегі госпиталь мен емхана жұмысы күшейтіледі. 

Айта кетсек, аталған мекемелердің қызметін қайта ұйымдастыру рәсімі республикалық бюджеттен қосымша қаражат қажет етпейді. 
Қаулы 2025 жылғы 13 тамыздан бастап күшіне енді

Соңғы жаңалықтар