Орал қаласы жылыту маусымына қаншалықты дайын
Орал қаласы алдағы жылыту маусымына қаншалықты дайын? Апатты жағдайларды болдырмау, алдын алу мақсатында жергілікті билік немен айналысып жатыр, тұрғындар пікірі қандай? ҚазАқпарат тілшісі тараптармен тілдесіп көрді.

Көпқабатты тұрғын үйлердің бірқатары әлі дайын емес
Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың айтуынша, облыс орталығында «Жайықжылуқуат» АҚ барлығы 1 638 нысанды жылумен қамтамасыз етеді.
Соның ішінде 85-і – білім, 5-еуі – әлеуметтік, 33-і – денсаулық сақтау, 23-і – мәдениет, 14-і – спорт нысандары болса, 1 210-ы – көпқабатты тұрғын үй, 268-і – басқа ұйымдар.
Миржан Мұнайдарұлының сөзіне қарағанда, 1 174 үй (97 пайыз) қысқа әзір болса, соның ішінде 848-іне басқару нысандары (пәтер иелері кооперативтері, меншік иелері бірлестігі және жай серіктестік) қызмет көрсетеді.
Басқару нысандары қызметінен тыс қалған 362-үйдің 326-сы дайын. Қалған 36 үйде жылыту маусымына әзірлік жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр.
«Бұл жерде проблема да жоқ емес. Бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындарының белсенділігі төмен. Олар кондоминимум нысанын басқару және күтіп ұстауға жауапкершілікті өздеріне алғысы келмейді. Алайда уақыт күтпейді. Қысқа мұқият дайындалмасақ, опық жеп қалуымыз мүмкін. Соның алдын алу мақсатында биыл проблемалық болып есептелетін 85 көппәтерлі үй тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - дейді қала басшысы.

Жылу-электр орталығы тозып тұр
Тағы бір атап өтетін жайт, қыс кезінде жылу құбырларынан ақау шықпауы аса маңызды. Осы орайда, «Жайықжылуқуат» АҚ жылу желілерінің ұзындығы 248,5 км болса, қазіргі уақытта соның 50,4 пайызы тозған. Демек, 125,9 км құбырды жөндеу қажет.
Бүгінгі таңда Орал жылу-электр орталығының қоймасында мазуттың 3 тонна көлемінде апаттық қоры бар.

Кейінгі кезде Орал жылу-электр орталығын жаңғырту мақсатында бірқатар жоба қолға алынды. Атап айтқанда, градирняны қайта жаңарту жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар, су тартқышы қайта жаңартылмақ (РУ-3,15 Кв қондырғысын орнату жұмыстарын айдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр).
Оған қоса, жалпы ұзындығы 5,6 км болатын №2 жылу магистралін қайта жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттама сараптамадан өткізіліп жатыр. №5 жылу магистралі құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, бюджеттік өтінім жолданды. Бұл жұмыстарды жүргізу 2024 жылға жоспарланып отыр.

Әкімнің мәлім еткеніндей, бұдан бөлек Зачаган кентінде (Ғалымдар ауылы, 123) орналасқан орналасқан ескі қазандықты қайта құру жұмыстары биылғы қазан айында аяқталмақ. Нәтижесінде 5 қабатты 9 үй, 6 өндірістік мекеме және 1 балабақша жылумен үздіксіз қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, «Жайықжылуқуат» мекемесінің қаражаты есебінен 5,8 км жылу желісін ағымдағы жөндеуден өткізуді жоспарлап, соның 5,7 километрін жөнделді. Сол секілді 2 энергетикалық және 1 су жылыту қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қысқа дайындық мәселесін нақтылай түскен БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй шаһардағы жылу желілері мен құрылыстардың техникалық жай-күйі қанағаттанарлық екендігін жеткізді. 2020-2022 жылдар аралығында жылумен жабдықтау желілерінде технологиялық ақаулар тіркелмеген.

Осы кезеңде «Жайықжылуқуат» АҚ өз қаржысы есебінен 16 км жылу желілерін (2020 жылы – 5,3 км, 2021 жылы – 4,9 км, 2022 жылы – 5,8 км) ретке келтірді. Биыл 296,5 млн теңгеге 5,8 км жылу желілерін күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізді.
Бұдан басқа «№2 жылу магистралі ойымынан №11 жылу камерасына босатуға дейін №5 жылу магистралін реконструкциялау» жобасы (құны – 1,4 млрд теңге) бойынша бюджеттік өнім Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ұсынылды. Ал «Жылу-электр орталығынан №10 жылу камерасына дейін №2 жылу магистралін қайта жаңарту» («Сити-Центр» сауда ойын-сауық орталығы ауданы) жобасы мемлекеттік сараптамада. Сараптаманың оң қорытындысын биылғы 11 қазанда алу жоспарланып отыр. Жобаның болжамды құны –10 млрд теңге. Қос жобаны да алдағы жылы жүзеге асыру көзделеді.
Орал қаласы жылу-электр орталығына келсек, ол 1960 жылы пайдалануға берілген, жалпы тозуы – 87,8 пайыз.

Биыл «Жайықжылуқуат» АҚ өз қаражаты есебінен 254,6 млн теңгеге №2 және №4 энергетикалық қазандықтарға күрделі жөндеу, №9 су жылыту қазандығы, № бу турбинасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді.
«2020 жылы қолға алынған жылу энергетикалық жүйені дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жылу-электр орталығында градирняны қайта жаңғырту жобасы биылғы мамырда мәресіне жетсе, екінші жоба – №1 турбоагрегатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобаны 2023 жылдың соңына дейін аяқтау ойластырылып отыр. Сонымен қатар, Орал жылу-электр орталығының қолданыстағы 11 ғимаратының толық тозығы жеткен. Соның ішінде бесеуін қайта жаңғырту үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталып жатыр», - деді М. Мүлкәй.
Зачаган кентіндегі қазандық жөнделіп жатыр
Биыл көктемде Зачаган кентінің М. Мөңкеұлы шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің үштен бір бөлігінің қысқа дайын болмау қаупі туындады. Бұл шағынауданда үш бу қазандығы болса, соның біреуі – №3 қазандық апатты деп танылды. Бұл қазандық 18 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Онда 3 мыңнан астам адам тұрады.
Аталған шағын ауданда құрылыс 2010 жылы басталып, үш жылдан кейін болат жылу құбырлары салынғанымен, олар қазір тозған. Сондықтан, құбырлардан ақау шығып, апатты жағдай жиілеп кетті.
«Міне, ерте бастан осының алдын алу үшін мамыр айында Оралда техногендік сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланып, тиісті жұмыстар атқарылды. Қазіргі кезде Зачаган кентіндегі Орал-Атырау және Орал-Саратов трассалары арасында орналасқан шағын аудандағы №3 қазандықтың жалпы ұзындығы 9 км (2 230 қума метр) жылу құбыры мен ыстық су жүйесі жөнделіп жатыр. Мердігер мекеме «Жаик Сити» ЖШС жұмысты жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтамақ. Бұл ретте алдағы уақытта құбырларды су баспау жағы да ескеріледі», - дейді М. Сатқанов.
Осы шағын ауданда тұратын Динара Кужентаеваның мәлім еткеніндей, мұнда биыл үшінші жыл қыстамақ.
«Әуелде дұрыс қосылмаған ба, үй қыста салқындау. Алда көреміз қалай болатынын. Жауапты мекемелердің қысқа қалай дайындалып жатқанын білмеймін. Біз, тұрғындар, ыстық су құбырын өзіміз ауыстырып алдық. Әйтпесе, құбыр тоттанып кеткендіктен, су аға бастады. Мысалы, ПИК бізге оны жасап берген жоқ. Айналаны қазып тастағандықтан, жазда ыстық су болмады. Ыстық суды қосқанына, міне бір жарым аптадай ғана болды», - деді тұрғын.
Осы көше бойында тұратын мұғалім Айгүл Оразбекованың да айтары бар.
«Біз пәтер иелері кооперативінен (ПИК-тен) саналы түрде бас тарттық. Өйткені, олар қаржыны алады да, туындаған мәселені шешпейді. Қайта «қарызсыңдар» деп электр қуатынан, жеделсатыдан ажыратып тастайды. Талай жерге бардық та, одан ешбір пайда болмады. Ақыры өткен жылы белсенді тұрғындардың араласуымен мүлік иелері бірлестігін құрып, әділет департаментінде тіркеттік. Бірлестік төрайымы Айнұр Иманғалиеваға бәріміз көмектесеміз. Өткен жылы ағымдағы және жинақ шотқа қаржы жинадық. Ақшаның бәрі банкте айнадағыдай көрініп тұрады. Сол қаражатқа шіріп кеткен құбырларды, басқа да тетіктерді жөндеп, қысты қиналыссыз өткіздік. Биыл да солай жасап жатырмыз. Қаржы кіреберістерді, құбырларды жөндеуге, жертөлені санитарлық өңдеуге, басқа да қызметтерге жұмсалады. Қазіргі уақытта бір кіреберісте тұратындармен келісіп, камера орнатып жатырмыз. Бір айта кететін жайт, күні бүгін ыстық су жоқ, үй салқындау болып тұр. Көктемде Сарытау жақтан ағын су осы шағын аудандағы көпқабатты үйлердің жертөлесіне толып кетті. Бұл, әрине, тұрғындарға қатысты емес, табиғи жағдай. Алдағы уақытта мұндай оқыс оқиға болмаса екен дейміз», - деді А. Оразбекова.
Сонымен, әкімдік сандарды алға артты, жағдайды көріп отырған кей тұрғындардың да қарекеті туралы естіп білдік. Ал, жылыту маусымы болса таяп қалды.
