Орал қаласында лас су ағып жатыр — әкімдік жауап берді
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында «Омега» зауыты ауданында лас судың ағып жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба таралды.
Қала тұрғыны осы тұстан күнде өтетінін айтады.
Оның сөзіне қарағанда, айналма жол тұсында «Самал-1» шағынауданы маңында аққан кәріз суы күн сайын көбейіп жатыр.
— Лас су жаңадан салынып жатқан ботаникалық баққа жетіп қалды. Көп ұзамай «Самал-1» шағынауданын басады. Иістің күштілігі сондай, бұл жерде тыныс алу мүмкін емес, — дейді қала тұрғыны.
Осыған орай Kazinform тілшісінің сауалына Орал қаласы әкімдігі жауап берді.
Әкімдік мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта 18А кәріздік-сорғы станциясының кәріз жүйесіне тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстардың шамадан тыс түсуі тіркеліп отыр.
Соның салдарынан сорғы жабдықтары бітеліп, екі сорғы істен шыққан.
Кәріз суларын ішінара айдау тоқтатылғандықтан, құбырдағы су деңгейі көтеріліп, жақын маңдағы тұрғын аудандарда кәріз иісі пайда болды.
23 тамыздағы мәлімет бойынша жаңа сорғы жабдығы орнатылды. Бүгінгі таңда кәріз суының деңгейі нормативтік көрсеткіштерге сәйкес, кәріз құдықтарынан төгілу фактілері анықталмаған.
— Күні бүгін 18А кәріздік-сорғы станциясы қалыпты режимде жұмыс жасап тұр. Кәсіпорын қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік жүргізіп, кәріз жүйесіндегі су деңгейіне және жабдықтардың техникалық жағдайына тұрақты бақылау жасауда. Жақын арада санитариялық жағдайды жақсарту мақсатында кәріз коллекторы маңындағы учаскелерден суды сору жұмыстары ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар тұрғындар арасында қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдықтарды кәріз желісіне тастауға болмайтыны жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жылу құбырының жөнделуіне байланысты 11 мекеме ыстық судан ажыратылғанын жазған едік.