Орал қаласында тұрғын үйлерге жылу қашан қосылмақ

отопление
Фото: gov.kz

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында жылыту маусымына дайындық жұмыстары барысында биылғы жоспарға сәйкес жылу-қуат орталығы, жылу желілері мен қазандықтардың жабдықтары жөндеуден өткізілді.

«Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Бақытжан Әкімғожиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, аталмыш мекеме 1 674 нысанды, соның ішінде 1 215 тұрғын үйді жылу қуатымен қамтамасыз етеді.

Бақытжан Ғаниұлының сөзіне қарағанда, 644 үйге ПИК және басқарушы компания қызмет көрсетсе, 336 үйдің басқару нысаны жоқ (иесіз). 103 үйде мүлік иелерінің бірлестігі құрылса, 106-сында жай серіктестік және 26 жеке үй бар.

«Тұрғын үйлердің барлығында дерлік гидравликалық сынау және ішкі жылыту жүйелерін жуып-шаю жұмыстары жүргізілді. Ауа температурасы үш тәулік ішінде +8С және одан төмендеген кезде тұрғын үйлер жылуға қосылады. «Қазгидромет» мәліметіне қарағанда, 11 қазаннан бастап күн суытады. Сондықтан алдағы аптада тұрғын үйлерді жылуға қосу көзделген», - деді Б.Әкімғожин.

Бас директордың айтуынша, «Жайықжылуқуат» АҚ сондай-ақ 42 балабақша, 38 оқу орны, 47 мектеп, 35 денсаулық сақтау нысаны, 5 әлеуметтік қорғау, 24 мәдениет нысанын жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде өтінімдерге сәйкес, мектеп, балабақша, медицина мекемелеріне жылу беріліп жатыр.

«Жылыту маусымында болуы мүмкін апаттық жағдайларды жою үшін авариялық-диспетчерлік қызмет (12 адам), 42 қызметкерден тұратын авариялық-техникалық команда және ерікті өртке қарсы құралым (25 адам) тәулік бойы жұмыс істейді. Жеке құрам барлық қажетті материалдармен, құралдармен, арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге жылу-қуат орталығы аумағында көшпелі техникасы бар өрт сөндіру бөлімі орналасқан. Арнайы инженерлік техника дайындалып, автокөлік жұмысына қажетті жанар-жағар майдың авариялық қоры жасалды», - деді Б.Әкімғожин.

Оның мәліметі бойынша тұтынушылардың жылу қуаты үшін дебиторлық берешегі – 314,35 млн теңге. Соның ішінде тұрғындар 296,65 млн, бюджеттік ұйымдар 4,11 млн, басқа тұтынушылар 13,59 млн теңге берешек болып отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда энергетика саласын жаңғырту бағытында не істеліп жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram